Түркиядағы қазақ жастары қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда
Түркияда оқып жүрген жастарымыз білім алып қана қоймай қайырымдылық шаралар да ұйымдастырып жүр.
Анкарада «Қобыз рухы» атты кеш өткізді. Шарада қазақ жастары концерт қойып, домбыра тартып, халық әндерін орындады. Зал көрермендерге лық толды. Өнер кешінен жиналған қаражат Қазақстаннан Түркияға шипа іздеп барған бүлдіршіннің әкесіне табысталды.
Ақбота Әбренова, шараны ұйымдастырушы:
- Диплом жазу барысында осы «қобыз рухы» атты кешті беру ойға келді. Көкту қазақ қоғамы мен Анкара жастары ұйымы арқасында жүзеге асты. Жалпы мақсаты, қобыз аспабын таныту, насихаттау және қайырымдылық жасау.
Ғылымхал Манай, шараға қатысушы:
- «Жақсылық қылсаң өзгеге, жақсылық келер өзіңе». Қазақ болғаннан кейін біз мейірбан халықпыз. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халықпыз. Бүгінгі шара да соның кепілі. Бұл шара жастарды мейірімділікке, ізеттілікке, еңбекқорлыққа, қайырымдылыққа, бауырмалдыққа тәрбиелейді.