Латын Америкасы литийге бай аймаққа жатады
Литий батареялар, күн панельдері мен электрмобильдерді жасап шығаруға қажетті негізгі ресурс саналады.
Қытай электрлі көліктер өндірісі бойынша көш бастап тұрған елдің бірі. Сондықтан мұнда литийді қайта өңдеуге ден қойылып отыр. Бүкіл әлем бойынша оның өндірісінің 60 пайызы шығысымыздағы көрші елге тиесілі. Былтыр мұнда электрмобильдерді жасап шығаруда қолданылатын литий-ионды аккумулятордардың өндіріс көлемі 25 пайызға артқан. Ел билігі сирек кездесетін элементтерді өндіруге көп қаржы құйып жатыр. Тіпті бұл бағытта батыс елдерінен айтарлықтай асып кеткен.
Тан Синьсинь, BASF Shanshan Battery Materials компаниясының өкілі:
«Билік литий-ионды аккумуляторлар мен электромобильдер өндірісі секілді инновациялық салалардың дамуына көп көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесінде экономиканы нығайтып, Қытайды жасыл технологиялар бойынша жетекші елдің біріне айналдыруға ниетті».
Латын Америкасындағы Аргентина, Боливия және Чили"литий үшбұрышын" құрады. Металдың әлемдік қорының жартысынан астамы осы аймақта орналасқан. Жақында Чили билігі жеке компаниялар арқылы оның өндірісін арттыру жоспарын жария етті. Сол үшін шетелдік инвесторларды тарту жағына көп көңіл бөлініп отыр. Алдағы 10 жыл ішінде мемлекет өндіріс көлемін 70 пайызға дейін жеткізуге ниетті.
Альберто Ван Клаверен, Чили Сыртқы істер министрі:
«Литий климаттың өзгеруінің салдарын азайту үшін ең қажетті металдың бірі. Ол жасыл энергияға өту, соның ішінде электрлі көліктер өндірісін арттыру үшін керек. Сонымен қоса халықаралық қарым-қатынастар тұрғысынан да маңызды стратегиялық ресурс саналады».
Аргентинада қазір литий өндірісі қарқынды дамуда. Мұнда оның қоры 19 миллион тоннаға жуықтайды. Елде қазір ірі 13 жоба әзірленуде. Аргентиналық литийге электромобильдер жасап шығаратын Тесла компаниясының басшысы, американдық миллиардер Илон Маск та қызығушылық танытып отыр. Сарапшылар бұл қарқынмен Аргентина 2027 жылға таман өндіріс бойынша көрші Чилиді басып озатынын айтады.