Шегірткеден қорыққан егін екпес...

Қауіпті жәндіктерден зиян шегетін біздің ел ғана емес. Ғаламдық жылыну салдарынан әлемде егіннің өнімділігі мен сапасы төмендеді.

Себебі, күн жылыған сайын, егін алқаптарын бүлдіретін қауіпті жәндіктер де көбейеді.

Мұндай зиянкестер жыл сайын әлемдік дақылдың 40 пайызын жойып жібереді екен. Бұл шамамен шаруашылыққа 70 миллиард доллар шығын әкелді деген сөз. БҰҰ осындай дерек келтіреді.

Иә, адам тұтынатын астықтың негізгі көзі - егінде.

Әсіресе қазірде Оңтүстік және Орталық Азиядағы ауыл шарушылығы жайы мәз емес. Зиянкес жәндіктердің кесірінен, егін бітік шықпай, шаруалар мол шығынға ұшырап отыр.

Егін – шегірткенің негізгі қорегі

1 күнде 40 миллион шегіртке жабылып, 35 мың адамның азығын жеп кетеді. Осылай тұжырым жасаған Халықаралық Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы шөл шегірткесіне, ең тойымсыз жәндік деп сипаттама береді. 2004 жылы Үнді мұхитында болған циклондардан Африка мен Араб түбегінде нөсер жауып, шегірткенің күрт көбеюіне аса қолайлы жағдай туған. Салдарынан, Африканың егін шаруашылығына 2 жарым миллиард доллар шығын келген. Кей деректерде, қомағай шегіртке тіпті дәнді-дақылды талғап жейтін көрінеді. Әсіресе, күріш, жүгері, бидай – сүйікті асы.

Эриан Сиз, "Шегірткелерді зерттеу жөніндегі жаһандық бастама" ұйымының директоры:

- Шегіртке әлемдік азық-түлік қорының 10% жойып жібереді. Жер беті жылынған сайын, олар да көбейе береді. Сәйкесінше, астық та азаяды деген қауіп бар.

Қыстың жылы болуы егінге зиян

Тек шырылдауық шегіртке емес, қабық құрты, қоңыздар да дәнді-дақылдың басты жауы. Қаңтарда Тәжікстанның егін алқаптары осы жәндіктердің кесірінен айтарлықтай бүлінген. Биыл қысы жылы болғандықтан, жәндіктер өлмей, егін алқаптарынан жақсы орын сайлап алған секілді. Қыстай дақылдардың жапырығын жеп тастаған.

Кертис Дойч, Принстон университетінің профессоры:

- Тропиктерді қоспағанда, барлық жерде температураның жоғарылауы жәндіктер популяциясының көбеюіне әкеледі. Әрі олар өз энергиясын сақтау үшін көбірек қоректенуі керек. Ал олардың негізгі азығы – дақылдар.

Иә, күн неғұрлым жылы болса, соғұрлым жәндіктердің тәбеті жоғары болады. Америкалық ғалымдар, сынап бағанасы 1 градус көтерілгенде бидай, күріш және жүгері дақылдарына келетін қауіп 25 пайызға артады дейді.

Көбелек пен араның азаюы егінге қауіпті

Климаттағы өзгеріс әсерінен, көбелектер мен аралардың популяциясы да азаяды. Ал бұл жәндіктер, дақылдардың өнімділігі мен көбеюіне жағдай жасайды. Кейінгі жылдары ғаламдық жылынудан бұл жәндіктердің биоалуантүрлілігі 60 пайызға қысқарған. Әсіресе тропикалық аймақтарда бұл күн тәртібінен түспейтін, өткір мәселе.

Тим Ньюболд, биолог:

- Біз жәндіктердің популяциясы шамамен 2 есе кемігенін байқаймыз. Соның салдарынын дәнді-дақыл да бітік шықпайды. Мәселен, кофе және какао дақылының өнімділігі төмендеген.

Ауыл шаруашылығында зиянкестермен, арамшөптермен және өсімдік ауруларымен күресу үшін негізінен пестицидтер қолданылады. Бұл – химиялық зат. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның дерегінше оның әртүрлі мақсатта қолданылатын мыңнан астам түрі бар.

Алайда, пестицидтерді қолданудың кемшілігі бар, ол адам денсаулығына теріс әсер етеді. Ғалымдардың мәліметтеріне сәйкес, бір жылда 385 миллионға жуық адам абайсызда пестицидтермен уланып, олардың шамамен 11 000-ы көз жұмған.