Түркі халықтарының медиа форумы өтті
Түркі халықтарына ортақ ақпараттық агенттік ашылуы мүмкін.
Түрікменстанда өткен бауырлас елдердің медиа форумында осындай ұсыныс айтылды. Әзірше бұған Түріксой ұйымы ниетті. Алда түбірлес тараптар бұқаралық ақпарат құралдары ақпаратты қай тілде тарататынын талқылайды. Сондай-ақ, жиында түбірі бір ұлттардың мәдениетін насихаттау туралы ұсыныстар айтылды.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Тереңнен тін тартқан түркі халықтарының төл мәдениеті мен тарихына төрткүл тарап таңданыспен қарайды. Біздегі бағзыдан жалғасқан ата кәсіп, салт-дәстүр, сенім мен наным, тағысы тағы бар, әлем халықтарының қызығушылығын тудырып отыр. Кейінгі жылдары бауырлас мемлекеттер де біте қайнасқан болмысын жаһан жұртына насихаттау ісін қолға алды. Өткенін жаңғыртып, ұмыт болғанын ұлттар жадында жандандырды. Биыл да осы мақсатта түркі елдерінің өкілдері Түрікменстанда басқосты.
Медиа кеңістігіндегі мәселелерді бағамдады. Түбі түркіден тараған ұлттардың ақпарат алаңы да бір болу керек. Жиында осындай ұсыныс айтылды. Алда түбірлес тараптар ортақ басылым шығарып, телеарна ашуды қолға алуы мүмкін. Медиа менеджерлер мұның оңайға соқпайтынын да айтты. Әрі бұл ұзақ уақыт пен табанды еңбекті һәм бірлікті қажет ететіндігін сөз етті. «Тоқпағы қатты болса, киіз қазық жерге кіретіні белгілі. Біріксек бұл бастаманы да жүзеге асыруға болады», - дейді Түріксой ұйымының өкілі.
Саит Юсуф, «Түріксой» ұйымы бас хатшысының орынбасары:
- Түркі дүниесіне ортақ ақпараттық агенттіктерін құру, ортақ телеарна ашу, фильмдер түсіру – мұның барлығы болашақта толық жүзеге асырылатын істер, өйткені тарих ортақ, тіл ортақ. Бұл ретте түркі халықтары түгел түсінетін тілде ортақ дүниелер жасау жайында айтпай кете алмаймыз. Алайда, бір нәрсені ескерген жөн, әр елдің, әр өлкенің өзіне тән ерекшеліктері бар, сондықтан мұндай ауқымды істе асығыстық танытқан да жарамас. Бұл бастама қалай жасалады, қаржы мәселесі мен ұйымдастыру жаға қалай шешіледі, оны біз талқылай отырып бірлесе шешеміз.
Ия, келелі кеңесте тіл түйіткілі де талқыланды. Тым түрленіп, өзегімізден алыстып бара жатқанымыз айтылды. Кірме сөз бен түрлі аудармалар төл тіліміздің құнарын құртып, тұнығын лайлап жатқан көрінеді. Сондай-ақ, Саит Юсуф жалпыға түсінікті болу үшін ақпарат тарату ісіне ортақ тіл бекітуді ұсынды. Бірізділендіру бастамасы айтылғанымен, оның нақты қай тіл болатыны белгісіз. Әзірше тек көне түркі тілін қайта жаңғыртып, қолдану аясын кеңейту ұсынылды.
Нағашыбек Алдан, «Kazinform» агенттігінің бас редакторы:
- Қазір мына түркі елдердің өзіндік әліпбиі бар. Оның барлығы ортақ болғанымен, сөйлескен кезде түсінбей қаласың. Қазақ, қырғыз, өзбек түсінуі мүмкін. Мына жақта түрікмен, түрік бір бірін жақсы түсінуі мүмкін. Ал екі топты біріктірсең, түсініспеушіліктер пайда болады. Сондықтан бір уақыттың келгені де сезіледі. Бір ортақ тіл болса деген идеялар көп айтылып жүр. Бір ортақ әліпбилер болса деген ұсыныс көп айтылып жүр. Егер барлық мемлекет ортақ бір әліпби, ортақ бір тілге келісе алсақ, бұл түркі әлемін біріктіруде бұрын соңды болмаған жаңалыққа айналады.
Түркі әлеміне ортақ тұлғаларды насихаттап, олардың еңбектерін көпшілікке етене ету де жоспарда бар. Алда медиада зерттеу мен танымдық жұмыстар қарқын алады. Бұған барлық тарап мүдделі. Басқосуда ұлт қайраткерлерін ұлықтап, халық құндылықтарын ұғынықты етуде бұқаралық ақпарат құралдарының маңыздылығы айтылды.
Саит Юсуф, «Түріксой» ұйымы бас хатшысының орынбасары:
- Медиа форумды өткізудегі мақсатымыз бүтін түркі дүниесіне қарасты медиа құрылымдар мен осы салада еңбек етіп жүрген жандардың арасында ортақ платформа қалыптастыру. Бүкіл әлемге өзіндік медиа көзімізбен қарайтынымызды білдіру, осыған жету жолында бастамашы болсын деген ниетте жиын өткізіп отырмыз.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Келісіп пішілген тон келте болмас. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас болуға уағдаласқан медиа мамандар асықпай жүріп анық басқасы келеді. Сол себепті алда кеңес те, меже де көп. Қалғаны уақыттың еншісінде.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Жандос Битабаров