Орынбор облысында су тасуы мүмкін

Орынбор облысында су тасуы мүмкін

Ресей көктемгі су тасқынына дайындықты күшейтті.

Бізбен шекаралас ел болғандықтан Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын қосымша су басу қаупі артты. Мамандар кейінгі жылдары тасқын, куаңшылық пен тропикалық дауылдар жиілеп кеткенін айтады. Бұл климаттың өзгеруінің салдары дейді.

Орынбор облысының 23 ауданында жоғары дайындық жағдайы енгізілді. Бұл көктемгі су тасқыны қаупіне байланысты қабылданған шешім. Бірнеше ауылды су басып, қатынас тоқтады. 20-дан аса жол жабылған. Билік тұрғындарды эвакуациялауға дайындалып жатыр. Кейінгі тәулікте Жайық пен Ор өзеніндегі су деңгейі күрт көтерілген. Бұл жағдай еліміздің Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында қосымша су басу қаупін күшейтіп отыр. 

Мамандар тропикалық дауылды күтпеген

Мадагаскар

Ал мынау Мадагаскардағы жағдай. Тұрғындар қазір осылай қайықпен қатынауға мәжбүр. Үнді мұхитының батыс бөлігінде орналасқан бұл аралдық мемлекетте тропикалық дауыл ойран салып, соңы тасқынға ұласты. Салдарынан 10-нан аса адам опат болды. Бірнеше тұрғын ізім-ғайым жоғалып кетті. 20 мың адам үй-жайын тастап, қауіпсіз жерге көшірілген. Бүлінген үй мен жолда есеп жоқ. Негізі Мадагаскарда жыл сайын 30-40 тропикалық дауыл болады. Бірақ мамандар бұл жолғысы аралдық мемлекетті айналып өтеді деп пайымдаған. Бірақ болжамдары расталмай, тұрғындар күтпеген жағдайға тап болды.

Жаһандық жылынудың салдары

Мамандар кейінгі жылдары тропикалық циклондар, су тасқыны мен қуаңшылық секілді құбылыстардың жиілеп кеткенін айтады. Мұның бәрі климаттың өзгеруінің салдары дейді. Жағдай жылдан жылға ушығып барады. Мысалы, 2023-те жаһандық жылынуға қатысты барлық көрсеткіш бойынша рекорд орнатылды. Былтыр парниктік газдардың мөлшері, мұхиттардың жылынуы мен қышқылдануы, теңіз деңгейінің артуы, Антарктидадағы мұздың еруі бұрын-соңды болмаған межеге жеткен. Соның салдарынан АҚШ-тың жағалауға жақын орналасқан 25 қаласында келешекте алапат су басу қаупі артқан.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева