Таяу Шығыс. «Бір тілім нанға зар болдық»
Газа секторындағы қарулы қақтығыстан қаза тапқан палестиналықтар саны 32 мың 552 адамға жетті. Ал жарақат алғандар 75 мыңға жуықтаған.
Бұл туралы автономияның Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Ол аздай елдің әлеуметтік жағдайы да күн сайын ушығып барады.
Израиль әскері "ХАМАС" қозғалысының ең ықпалды қолбасшысының бірі – Раед Табеттің көзін жойғанын мәлімдеді. Ол Газа қаласында аурухана ішіндегі атыс кезінде өлтірілген.
Даниэль Хагари, Израиль әскерінің ресми өкілі:
- Көзі жойылған Раед Табет "ХАМАС-тың" кадр және жабдықтау корпусын басқарған. Біз ауруханада болған қызметкерлер мен науқастардың арасынан "ХАМАС-тың" 513 мүшесін әшкереледік. Әлі анықталуға тиіс күдіктілер бар.
Палестина автономиясында үкімет ауысты. Президент Махмұд Аббас өз кеңесшісін премьер-министр етіп тағайындаған. Енді ол 23 министрді бекітуге тиіс.
Мохаммад Мұстафа, Палестина премьер-министрі:
- Президент мырза маған 19-үкіметті басқаруды тапсырды. Сізге үкіметтің жұмыс бағдарламасы мен құрамын жақын арада ұсынамын.
Жаңа үкіметті қыруар жұмыс күтіп тұр. Газа секторында азық-түлік бағасы рекордтық деңгейге жеткен. Ұнның бір келісі 50, ал қанттың бір келісі 20 есе қымбаттаған.
БЛИЦ:
- Ашпыз. Далада өсіп тұрған көкөніс пен шөп-шаламды қорек етіп жүрміз.
- Бір тілім нанға зар болып қалдық. Салмағым 70 келіден 50 келіге бір-ақ түсті.
Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөздер де тығырыққа тірелді. Тараптар Дохадағы кездесуде тұтқындарды өзара алмасу бойынша тіл табыса алмай қойған. АҚШ 40 Израиль азаматын 800 палестиналыққа айырбастауды және Рамазан айының аяғына дейін бейбіт бітім жасауды ұсынған болатын. Бірақ бұған Израиль билігі келіспей отыр.
Ернат Мелсұлы, 24.KZ