Ыстамбұлда өрттен ондаған адам қаза тапты
Ыстамбұлда көпқабатты ғимаратта өрт шығып, 29 адам қаза тапты, деп хабарлайды 24KZ.
Тағы 8-і зардап шеккен. Бұл туралы қала губернаторы хабарлады. Оның мәлімдеуінше, іште қалып қойған адамдарды құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Өрт Гайреттепе ауданындағы 16 қабатты ғимараттың жертөлесінде орналасқан ойын-сауық орталығында тұтанған. Онда құрылыс жұмыстары жүріп жатқан екен. Өрттің себебі әзірге нақтыланып жатыр. Тергеу шаралары басталды.
Давут Гүл, Ыстамбұл губернаторы:
- Өрттің шығу себебі белгісіз. Ғимараттың төменгі қабаты ойын-сауық орындары үшін пайдаланылған. Біздің тобымыз оқиға орнында алғашқы сәттен бастап жұмыс істеп жатыр. Баршамызға көңіл айтамын. Ғимараттың лицензиясы 1987 жылы берілген. 2018 жылы қайта ұзартылған.