Ресейде тағы екі облыста төтенше жағдай жарияланды
Ресейде тасқынға қатысты ахуал ушығып барады. Тағы екі облыста төтенше жағдай жарияланды.
Жалпы көрші ел бойынша 39 өңірде 10 мың 500 үйді су басқан. Дәл қазір Орынбор облысының тұрғындарына оңай соқпай тұр. Жағдай оңалса, тек 20 сәуірден кейін ғана оңалады деген болжам бар.
Орынбор облысында тасқынның беті қайтар емес. Әсіресе су бөгеті жарылған Орск қаласындағы жағдай күннен күнге ушығып барады. Мұнда 7 мыңға жуық баспана жарамсыз күйде. Қалададағы мектептер жабық тұр. Балалалар қашықтан оқып жатыр. 11 медициналық мекеме де жұмысын уақытша тоқтатты. Ондағы 160 науқас басқа ауруханаларға ауыстырылған. Су әлі де көтеріледі деген қауіп бар. Сондықтан эвакуация жалғасып жатыр.
Самара облысында су басқан аудандардан 800-ден аса адам қауіпсіз жерге көшірілген. Сондай операция кезінде 9 адам мінген қайық аударылды. Абырой болғанда, маңайдағы қайықтағы құтқарушылар көмектесіп, бәрі аман қалған.
Қорған облысында төтенше жағдай жарияланды. 62 елді мекенді су басуы мүмкін. Арасында облыс орталығы – Қорған да қаласы бар. Қауіпті аймақта 19 мың адам тұрып жатыр. 4 өзеннің тасу қауіпі бар. Олардың ішінде Тобыл да бар. Ондағы су деңгейі 11 метрге дейін көтерілуі ықтимал. Бұл 1994 жылғы ірі тасқын кезіндегі межеден де жоғары. Ол кезде 114 елді мекен су астында қалып, 60 мың адам зардап шеккен еді.
Қорған облысымен шекаралас Түмен облысында да төтенше жағдай жарияланды. 5 көпір бойынша қозғалыс тоқтады. Синоптиктер сәуірдің аяғына таман өңір арқылы өтетін Есіл өзеніндегі су деңгейі бұрын-соңды болмаған көрсеткішке дейін көтерілтенін болжайды. Сондықтан бірнеше елді мекенге су басу қаупі төніп тұр.
Жұлдыз Атагельдиева, 24.KZ