Альпі "жалаңаш" қалуы мүмкін
Австриядағы мұздықтар 45 жылда еріп, жойылып кетуі мүмкін.
Елдегі Альпі клубы ғалымдары осылай деп болжам жасап, дабыл қағып жатыр. Тіпті ғасыр соңына дейін әлемдегі мұздықтардың тең жартысының еріп кету қауіпі бар дейді зерттеушілер.
Австриядағы мұздықтар өте тез еріп жатыр. Мысалы, кейінгі екі жылда Альпідегі Гепачфернер мұздығының едәуір бөлігі еріп, жер көрініп қалған. Тироль мұздығы 127 метрге, ал Пастерце мұздығы 203 метрге төмендеп кеткен. Қысқа мерзім ішінде дәл осындай күйге түскен мұзды алқаптардың саны 100-ге жуықтайды. Ғалымдар бұл үрдіс жалғаса берсе, Австрия 45 жылда бүкіл мұздығынан айырылады деп ескертеді.
Герхард Либ, Австрия Альпі клубының мүшесі:
- Шұғыл шаралар қабылданбаса Австрия мұздықтарын құтқару мүмкін болмайды. Бұл үшін олардың биік бөліктеріне қазірден бастап қардың мол қорын жинай беру керек. Ол тоңдардың еруін бәсеңдетіп, жағдайды тұрақтандыруға септігін тигізуі ықтимал.
Австриялық ғалымдар мұздықтардың еруі климаттың антропогендік өзгеруінің айқын белгісі дейді.
Америкалық мамандар да кейінгі бір жылда атмосфераға көмірқышқыл газы, метан және азот тотығының рекордтық көлемде таралғанын анықтады. Ал жаһандық жылыну осы зиянды қалдықтар ауаның жоғары қабатында көп мөлшерде жиналып, жердің табиғи салқындау жолына кедергі келтіруден туындап отыр - дейді ғалымдар.
Селеста Сауло, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының бас хатшысы:
- Парниктік газдың көптеп таралуы – келешекте жердегі ауа температуарсын көтеріп, мұхиттардың суын жылытып, мұздықтардың еріп кетуіне әкелуі мүмкін. Былтыр осы құбылыстар қарқын алғаны қатты байқалды.
Жалпы қазір әлемде 200 мыңға жуық мұздық бар. Жаһандық жылынудан оның 68 пайызы ғасыр соңына дейін еріп кетуі мүмкін. Егер ауа температурасы қалыпты жағдайдан 3 градусқа дейін көтерілсе, жер шарымыздағы мұздықтардың 80 пайызы жойылады. Салдарынан теңіздер көтеріліп, әлемдегі көп аймақ су астында қалады - дейді мамандар.
Дәурен Ақашұлы, Жанна Құсайынова, 24.KZ