Су тасқыны. Өзбекстан да өзенге қарап отыр

Өзбекстанда да су тасқыны болуы мүмкін. Бұл туралы «Өзгидромет» мемлекеттік мекемесі хабарлады.

Болжам бойынша 12-15 сәуір аралығында республиканың таулы және қала маңындағы аудандарында толассыз жаңбыр жауады. Соның әсерінен Қашқандария, Сұрхандария, Самарқан, Науаи, Жызақ, Ташкент, Наманган, Ферғана және Әндіжанда сел жүру қаупі бар.

Синоптиктер ұзын саны 9 облыста лай көшкіні мен су тасқыны болуы мүмкін екенін ескертіп отыр.

Мұхиддин Ибрагимов, Өзбекстан ғарыштық технология және зерттеу агенттігінің бөлім басшысы:

- Ғарыштық мониторинг тасқынның алдын алуға сөзсіз көмектеседі. Судың қозғалыс бағытын анықтап, дәлме-дәл болжам жасай аламыз. Соған сай құзырлы министрліктер тиісті шараларды қолға алады. Қазір де сол істі жалғастырып жатырмыз. Егер қандай да бір аумақта төтенше жағдай туындаса, сол жердің жауаптылары мен тұрғындарына 6-7 сағат бұрын эвакуация жөнінде ескерту жолдаймыз.