Эль-Ниньо vs Ла-Нинья. Табиғи апаттардың себебі неде?

Жаһанды алаңдатқан Эль-Ниньо құбылысының салдарынан әлем елдері күні бүгінге дейін талай мәрте су тасқынынан, циклондардан, құрғақшылықтан, орман өртінен зардап шегіп келеді.

Негізі бұл құбылысты ХVIII ғасырда Перудегі балықшылар байқаған екен. Олар Эль-Ниньо келген кезде су тасқыны көбейіп, жағалауды шайып кететінін байқаған. Ол Тынық мұхитында пайда болып, әр 7 жыл сайын қайталанып тұрады.

Бұл құбылыстың сыңары бар, ол – Ла-Нинья деп аталады. Бір-біріне қарама-қарсы ұғым болғанымен, екеуінен де адамзатқа келетін қауіп бір.

Бірақ ғалымдар табиғи құбылысты әлі күнге дейін толық зерттей алмай жүр. Мәселен, былтыр Эль-Ниньо қайта күшіне еніп, жаһандық температура күрт көтерілді. Оның фазасы күшті болып, жер беті ерте жылынды. Бұл үдеріс әлі де жалғаса ма?

Эль-Ниньо құбылысының салдары

Эль-Ниньо құбылысы соңғы рет 2014-2016 жылдары және 7 жылдан кейін 2023-те қатты байқалды.

Былтыр Жер шарының температурасы күрт көтеріліп, Тынық мұхитының солтүстігінде алапат дауылдар тұрып, Кариб теңізі маңындағы аралдарда су тапшылығы туындады. Эфиопияда қуаңшылық... Австралияда 800 мың гектар орман өртеніп кетті.

Климат зерттеушілерінің болжамы бойынша, алдағы жылдары табиғи апаттан 130-ға жуық мемлекет зардап шегуі мүмкін. Мамандар 1,5 миллиард адамға, яғни дүниежүзі халқының бестен бір бөлігіне су басу қаупі төніп тұрғанын айтады. Былтыр көктемде Италияда кейінгі 100 жылдағы ең алапат су тасқыны болды. 

Син Линдси Лан, АҚШ ұлттық мұхиттық және атмосфералық қауымдастығының профессоры:

- 2023 жылы біз көмірқышқыл газы шығарындыларының рекордтық деңгейге жеткенін байқадық. Бұл қазба отындары шығарындыларының нәтижесі. Сондай-ақ былтыр жер бетіндегі температураның жоғары болуы да, осының салдарынан. Әрі бұл Эль-Ниньо фазасының Ла-Нинья фазасына ауысуынан туындайды.

Эль-Ниньо және Ла-Нинья

Эль-Ниньо кезінде Тынық мұхитының экваторлық бөлігі әдеттегіден де жылы бола түседі.

Керісінше мұхиттағы температура төмендейтін кері процесс бар, ол – Ла-Нинья. Мұндай ауысымды цикл әр 2-7 жыл сайын болады. Бұл құбылыс кезінде әдетте муссондық жаңбырлар жауып, дауыл тұрады. Мәселен, 2020 жылы 30 рет алапат дауыл тіркелген.

Ла-Нинья кезінде мұхиттың экваторлық аймақтарындағы су салқындайды. Эль-Ниньода керісінше су қызады. Әрқайсысының салдары әр алуан. Мәселен, Эль-Ниньо Австралия мен Бразилияда құрғақшылықты білдіреді, ал Орталық Азия мен Солтүстік және Оңтүстік Америка жағалауында ылғалды ауа райы болады. 

Билл Пацерт, америкалық мұхит және климат зерттеушісі:

- Бұл ұзақ және қарқынды жылу толқындарын, ұзаққа созылған құрғақшылықты, орман өрттерін және жойқын су тасқынын білдіреді. Ла-Нинья құбылысының да климатқа келтірер залалы жаһандық сипатқа ие.

Парниктік газ мөлшері рекордық деңгейге жетті

Жер атмосферасында парниктік газ мөлшері рекордтық деңгейге жетті. Бүгінде атмосферадағы көмірқышқыл газының көлемі 4 миллион жыл бұрынғы көрсеткішпен бірдей.

Ауаға тарап жатқан зиянды қалдықтар жаһандық жылынудың негізгі себебі саналады. Өрт, құрғақшылық, су тасқыны секілді табиғи апаттардың жер бетінде жиілеуі де сондықтан.

Син Линдси Лан, АҚШ ұлттық мұхиттық және атмосфералық қауымдастығының профессоры:

- Былтыр атмосферадағы метанның айтарлықтай өскенін байқадық. Метан көміртегіге қарағанда әсері күшті парниктік газ. Иә, сутегі болашақтың отыны. Алайда оны өндіру зияны қазба отындардан асып түседі. Сондай-ақ көптеген экологиялық және технологиялық қиындықтарды тудырады.

- Сонда Эль-Ниньо мен Ла-Нинаның айырмашылығы неде? Бір қарағанда, қазір болып жатқан табиғи апаттардың бәрі Эль-Ниньоның әсерінен сияқты? 

- Эль-Ниньо испан тілінен аударғанда – ұл, ал Ла-Нинья – қыз дегенді білдіреді. Яғни бұл бір-біріне қарама-қарсы ұғымдар. Мәселен, Эль-Нино құбылысы кезінде күн қызып, Ла-Нинья кезінде жер жаһан күрт суыйды. Мәселен, Былтыр Австралияда алапат орман өрттері болды, АҚШ-та да солай. Ал қазір Австралияда толассыз жауын-шашын, ал АҚШ-та құйынды дауылдар.

Оның үстіне 2023 жыл, адамзат тарихындағы ең ыстық жыл болғанын білеміз. Яғни бұл, Эль-Ниньо фазасында тұрмыз деген сөз. Енді Ла-Ниньяға жайлап ығысып жатырмыз.