Анталияның Коньяалты ауданында аспалы кабина құлап, 1 кісі опат болды
Анталияның Коньяалты ауданында аспалы кабина құлап, 1 кісі мерт болып, 10 адам жарақат алды. 15 кабинадан 98 адам эвакуацияланды.
9 кабинада 15 сағаттан бері құтқару жұмыстары жүруде. Бұл туралы төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Окай Мемиш мәлімдеді. Айтуынша, Түнектепе кабельдік көлік мекемесіндегі тіректердің бірі белгісіз себептермен құлап, бағанға соғылған. Салдарынан қираған кабинадағы 8 адам тасты жерге құлаған. Оқиға орнында, төтенше жағдай құтқарушылары, Ішкі істер министрлігі қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар және өрт сөндірушілерден құралған 543 іздеу-құтқару қызметкері, сондай-ақ 7 тікұшақ, 1 әскери жүк ұшағы, 108 көлік пен 6 жедел жәрдем жұмылдырылған. Айта кетейік, Ішкі істер министрлігінің мәләметінше қаза тапқандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Окай Мемиш, төтенше жағдайлар басқармасының басшысы:
- Оқиғаның не себепті болғанын тиісті сот органдары тексереді. Біз бұл жердің жұмысына қатысты техникалық қызметкерлермен және инженерлермен байланыстамыз. Аспалы көлікті қосып, қалған кісілерді құтқаруды ойладық. Дегенмен, қауіптілік ықтималына байланысты эвакуациялауды жөн көрдік.
Мухиттин Бөжек, Анталия мэрі:
- Кеше сағат 17:30-да болған келеңсіз оқиғада 1 азамат опат болып, 6 адам жарақат алған. Біздің денсаулық топтары жұмысын қарқынды жалғастыруда. Нысан 2017 жылы іске қосылған. Биыл техникалық қызмет көрсету жұмыстары жүргізіліп, 5 наурызда жұмысын бастаған.