Діни сенім бостандығы бойынша ынтымақтастық
Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінде діни сенім бостандығы мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Оған АҚШ мемлекеттік департаментінің, халықаралық діни бостандық комиссиясының, екі елдің түрлі діни конфессияларының өкілдері және съез делегаттары қатысты.
АҚШ елшілігіндегі басқосу барысында алдымен жаһандық тәжірибедегі сенімді алаң ретінде мойындалған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қызметіне айрықша назар аударылды.
Александр Суворов, протоиерей, Алматы бас шіркеуінің қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі:
- Басқосу барысында екі тарап та көпжылдық тәжірибемен алмасты. АҚШ тәжірибесінде діни мәселелер мен олардың шешім жолдары аз емес. Біздің еліміз тарихта Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан әртүрлі мәдениеттер мен өркениеттер тоғысқан үлкен арна. Сондықтан бұл бағытта біздің де бөлісер тәжірибеміз мол. Әсіресе АҚШ біздің діни қауымдастықтардың құрылымы мен олардың жұмыс жоспарларына айрықша қызығушылық танытты.
Келесі күні Америкалық «LYN Community» үкіметтік емес ұйымы өткізген конфессияаралық диалог пен ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі іс-шарада жиналған қауым өзекті ой, пайымды пікір айтып, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.
Уэйд Кюсак, "LYN Community" президенті:
- Біз діни сенім бостандығы, әлеуметтік қорғау және зорлық-зомбылық пен экстремизмнің алдын алу мәселелерін шешуге ұмтылысымыздың он жылдық ынтымақтастығын атап өттік. 2015 жылы 2-ші желтоқсанда біз алғаш рет Қазақстанға бардық. Осы жылдар арасында қазақстандық діни қауым, үкімет және қоғаммен жемісті ынтымақтастық орнады.
Болат Сәрсенбаев, Н.Назарбаев орталығы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкілі:
- Төрт күнге созылған шараның ынтымақтастықты нығайтумен бірге, деструктивті діни ағымдар мен радикализмнің алдын алуда маңызы өте зор. Осындай басқосуларды еліміздің әрбір өңірінде ұйымдастыруға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы діндер көшбасшылары сьезінің жаһандық тыныштық пен ынтымақты сақтауда үлкен маңызға ие екенін айтып, оны дамытудың тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырған. Былтыр әзірленген бұл тұжырымдама аясында биыл жас діни көшбасшылардың форумын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
АҚШ-тың діни мәселелер бойынша сарапшы мамандары Қазақстандық конфессияаралық келісімнің табысты моделін жоғары бағалап, дінаралық диалог мемлекеттер мен ұлттардың жаһандық қауіп-қатерлермен жұмыла күресуіне ықпал ететінін сеніммен жеткізді.
Авторы: Айжан Сыдықова