Қорған облысында су басу қаупі күшейді
Ресейде тасқыннан келер қауіп күшейіп барады.
Қорған облысында Тобыл өзенінің деңгейі кешеден бері 2 метрге көтерілді. Енді Түмен облысында 50 елді мекенді су басуы мүмкін. Ал Орынборда 18 мыңнан аса баспана су астында қалды.
Қарғын судан Қорған қаласына қауіп күшейді. Тобыл өзенінің деңгейі тез көтеріліп жатыр. Кеше 5 метрге жетпей тұрса, бүгін таңертең 7 метрге таяп қалған. Шаһардың оң жағалауын су ала бастады. Билік алдағы екі күнде жағдай тіпті қиындауы мүмкін деп тұрғындарды ескертіп жатыр. Өйткені гидрологтар Тобыл өзенінің деңгейі 10 жарым метрден асып кетуі ықтимал дейді. Бұл 1994-жылғы ірі тасқын кезіндегі көрсеткіштен де жоғары.
Түменде 50 мекенді су басуы мүмкін
Қорғанмен көршілес Түмен облысында Есіл өзенінің суы да көтеріліп, қауіпті межеге таяп қалған. Қазір тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін өңірде төтенше жағдай жарияланған. Мұнда Есілмен қоса Тобыл өзені де тез көтеріліп жатыр. Мамандар алдағы аптаның басында тасқынға қатысты ахуал ушығуы мүмкін деп болжайды. 50-ден аса елдімекенді су басу қауіпі бар. Бұл жерлерде 7 жарым мыңдай адам тұрады.
Өзен деңгейі қауіпті межеден асты
Томск облысындағы Томь өзенінің арнасы да тез толып жатыр. Мамандар алдағы 2-3 күнде су көбеймесе, азаймайтын шығар дейді. Өңірдегі екі елдімекенде су деңгейі қауіпті межеден асып кеткен. Тасқынға байланысты бірнеше ауданда төтенше жағдай жарияланды. Бүгін тізімге тағы екі аудан қосылды.
Орынбор облысында 15 мың үйді су басты
Тасқыннан ең қатты зардап шеккен аймақтың бірі - Орынбор облысының орталық бөлігінде жағдай тұрақтала бастады. Дегенмен аймақтың оңтүстік өңірлеріне су тасқыны қауіпі күшейген. Жалпы, бүкіл облыс бойынша 18 мыңнан аса үйді су басқан. Тасқынның беті қайтқан аудандарда арнайы комиссия келітірілген шығын көлемін анықтап жатыр. Осы күнге дейін тұрғындардан өтемақы алуға 313 мыңнан аса өтініш түскені белгілі.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева