Әлемде табиғат өзгеріп барады
Жер бетінде аптап ыстық, дауыл, тасқын, қуаңшылық секілді табиғат құбылыстар көбейді.
Бұл бір есептен адамның денсаулығына да төнген қатер ғой. Жұқпалы аурулар, жүйке ақаулары үдей түскен. Кеміргіштер тарататын вирустық, сондай-ақ респираторлық дерттердің, азық-түлікпен және судың сапасына байланысты түрлі аурулар тарады.
Табиғи апаттардың қай-қайсысы болмасын, одан адамзатқа келер қауіп-қатердің күші басым.
Табиғи апат – тілсіз жау. Ешқашан ескертіп келмейді. Десе де әлемдік сарпшылар, дәрігерлер адам баласын барынша сақ болуға шақырады.
Денге безгегі дендеп барады
Былтыр Бразилияда су тасқыны салдарынан денге безгегі өршіді. Бір жыл ішінде 2 миллионнан астам адам дерт жұқтырып, 700-ге жуығы қайтыс болды. Қолайсыз климаттың әсерінен бұл індет бүкіл елге тарауы мүмкін деп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қаққан еді. Болжам рас болып шықты. Мәселен, биыл Латын Америкасында соңғы ақпар бойынша 3,5 миллион адам ауру жұқтырып, мыңдаған адам көз жұмды. Бұл – жыл басынан бергі көрсеткіш. Науқастардың 80%-і – Бразилия, Парагвай, Аргентина және Пуэрто-Рика тұрғындары.
Джарбас Барбоза, Панамерикалық денсаулық сақтау ұйымының директоры:
- Денге безгегінің өршуіне тасқыннан кейінгі лас су мен топырақ себеп. Әрі ауру таратушы масалар көбейеді. Ауа температурасының күрт көтерілуі, климат өзгерісі қуаңшылық пен су тасқынын тудырды. Бұл үлкен проблемаларға әкеп соғуы мүмкін.
Табиғи апат салдары
Сынап бағанасы + 36,6 градус Цельсийден асса, бұл – адам денсаулығына айтарлықтай қауіп. Copernicus климат бақылаушылары 2023 жыл бойынша рекордты деңгейдегі жоғары көрсеткіштерді тіркеді. Сынап бағынасы Франция, Грекия және Ресейде 40 градустан асады.
Күн ыстықта адамдардың дені бүйректің созылмалы ауруларына шалдығады. Кейінгі жылдары бұл дерт Оңтүстік және Солтүстік Америка, Африка, Таяу Шығыс және Үндістанның ыстық аймақтарында ашық ауада көп жұмыс істейтін жастар арасында көп таралған. Мәселен, Бразилияда жоғары температураға байланысты кейінгі 15 жылда созылмалы бүйрек ауруына 200 мың адам шалдыққан. Дәрігерлер бұл мәселе ауқымды сипатта екенін және жақын арада барлық дамыған елдер үшін өзекті болатынын ескертеді.
«Күн ысыған сайын, қара жұмыс істейтіндердің жұмысына кедергі келтіреді. Әсіресе тропикалық және субтропикалық аймақтарда тұратындар түрлі дертке душар болады. Күннің аптап ыстығы миллиондаған адамның өмір сүруіне қауіп төндіреді», – Торд Челлстром, Австралия ұлттық эпидемиологиялық орталығының профессоры.
Зілзала, су тасқыны немесе басқа да табиғи апаттан аман қалған адамдардың шамамен 25%-і күйзеліске душар болады екен. Оның негізгі белгілері: түнде жалғыз қалудан қорқады, түрлі ойлар мазалайды, ашуға тез ырық береді және суицид туралы жиі ойлайды. Мәселен, 2017 жылы Латын Америкасындағы Пуэрто-Рикода болған жойқын «Мария» дауылынан кейінгі әуелгі 3 айда 25 адам суицидке барған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен шкалаға сәйкес жайлы өмір сүру үшін сынап бағанасы 22 градустан аспауы керек. Егер сынап бағанасы 28 градустан жоғары көтерілсе, бұл адамдардың психикалық жағдайына теріс әсер етеді.
Табиғи апаттар қарқын алған сайын адамзат 2030 жылға қарай безгек, тырысқақ, диареядан қатты зардап шегетін болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сүйенсек, жыл сайын шамамен 250 мың адам қолайсыз климаттың әсерінен көз жұмуы мүмкін.