АҚШ-та құс тұмауы ірі қараға таралды
АҚШ-та құс тұмауы өршіп, қауіпті індет мүйізді ірі қараға жұғып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Ауру бірнеше штатта 20-дан аса табынға жаппай тарай бастаған. Дерт бірнеше апта бұрын елдегі жұмыртқа өндіруші ірі кәсіпорындардан анықталып, көбі жұмысын тоқтатқан.
Қазір құс тұмауының белгілері Айдахо, Канзас, Мичиган, Нью-Мексико, Техас және тағы бірнеше штаттағы сүтті сиырлардың 26 табынында анықталып отыр. Алайда АҚШ-тың тамақ және дәрі-дәрмек басқармасы мен ауруларды бақылау және алдын алу орталығы әзірге індет көптеп таралып жатқанымен, жағдай бақылауда деп сендіріп отыр. Ахуалға байланысты тұрғындарға пастерленбеген сүт пен ірімшік өнімдерін уақытша пайдаланбауға кеңес берілген. 17 штаттағы вирус анықталған аумақтардан импортқа шектеу қойылды. Дегенмен салаға жауапты органдар: «бұл шектеудің сүт өндірісі мен сауда нарығына айтарлықтай әсері жоқ», – дейді.
Мэнди Коэн, АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының директоры:
- Бізге құс тұмауы жақсы таныс. Яғни, онымен тиімді күресу бойынша тәжірибеміз мол. Бірақ құс тұмауының мүйізді ірі қараға жұғуы – жаңа құбылыс. Әсіресе сүтті мал вирустың түрленуіне мүмкіндік беруі мүмкін. Бізді алаңдатып отырған да осы. Сондықтан вирус қаншалықты өзгерді және оның адамзатқа қауіптілігі қандай деңгейде, осыны терең зерттеу қажет.
Бірақ вирустың генетикалық талдау нәтижесі ауру қанша жерден түрленгенімен, адамдар арасында оңай таралмайтынын көрсетіп отыр. Індетке шалдыққан ірі қаралардың сүт өнімділігі де төмендейтіні байқалмаған.
Ли-Энн Джейкус, Солтүстік Каролина университетінің тамақ микробиологиясы саласы бойынша профессоры:
- Біз бұрын-соңды құс тұмауының ірі қара малға жұғатынын білгеніміз жоқ. Бұл – елдегі алғашқы жағдай. Бірер апта бұрын бір адамның сиыр сүтінен құс тұмауын жұқтырғаны белгілі болды. Бірақ халық азық-түлік қауіпсіздігіне алаңдамауы қажет. Себебі фермерлер ауру малдың сүтінің нарыққа шығуына жол бермейді. Бұл мәселе жіті бақылауда және ең бастысы біз сүтті пастерлейміз, ал пастерленген кезде вирус толығымен жойылады.
Дегенмен құс тұмауы инфляция мен жем бағасының шарықтауынан шаруалары шатқаяқтап қалған фермелерге оңай соқпайын деп тұр. Аурудан тауық саны азайып, жұмыртқа бағасы қымбаттаған.
Айжан Сыдықова, тілші:
- 2022 жылдан бері АҚШ-та 86 миллионға жуық құс қауіпті дертке шалдыққан. Ал H5N1 вирусының соңғы өршуі кезінде 13,6 млн тауық қырылды. Ауылшаруашылық министрлігінің болжамы бойынша жұмыртқа тапшылығы әлі де жалғасады. Ал Еңбек статистика бюросының мәліметінше наурызда АҚШ-та жұмыртқа бағасының индексі 4,6%-ке қымбаттап, бірінші санаттағы 12 данасы үшін орташа құны 3 долларға жетті.
Авторы: Айжан Сыдықова.