Қытай қалалары су астында қалды
Қытайдың бірнеше провинициясы мен қаласы су астында қалды.
Төпелеп жауған нөсер салдарынан өзендер тасып, Циньюань, Цзянси, Шаогуань шаһарларында сел жүрді. Салдарынан тұрғын үйлерді су шайып, мыңдаған адам эвакуацияланды.
Табиғи апат оңтүстік және орталық Қытайда болды. Тоқтаусыз жауған жаңбырдан өзендер арнасынан шығып кетті. Тасыған су Гуандун провинциясындағы Циньюань шаһарын тез басты. Жұрт баспаналарын тастап қашуға мәжбүр болды. 45 000 тұрғын эвакуацияланды.
Ляо Кайлянь, Цзяньшуй ауылының тұрғыны:
- Судың деңгейі бастапқыда міне мына жерге дейін көтерілді. Дүние-мүлік түгел суға кетті. Біз қайықпен қашып құтылдық. Қазір су біраз қайтып, үйімді көруге келдім.
Цзянвань, Цзяньшуй қалаларында да жағдай қиын. Тауда сел жүріп, жолдар жабылды. Электр бағандары құлап төңіректегі бірнеше елді мекенмен байланыс үзілді. Апат аймағында оқшауланып қалған тұрғындар бар. Оларды құтқаруға қайықтардан бөлек, тікұшақтар тартылды. Тасқын мен сел жжүрген аудандардан қазіргі уақытқа дейін ауыр жарақат алған 6 адам шығарылды.
Елдің шығысында да жағдай мәз емес. Нөсер жауыннан Цзянси провинциясындағы Ганьчжоуда да жолдарды су шайып, мыңдаған гектар егіс алқаптары судың астында қалды. Жылыжайлар бүлініп, шаруалар орасан шығынға батты. Аймақта қауіптің үшінші деңгейі жарияланды.
Лай Хуосин, Янцунь қаласы мэрінің орынбасары:
- Біздің аймақ бойынша 11 ауылды су басты. Шығын көлемі әртүрлі. Қала мен елді мекендерге кіріп-шыға алмай қалдық. Қазір жауын басылып, жоларды ашып жатырмыз. Тұрғындар уақытша баспанамен қамтамасыз етілді.
Апат болған өңірлерде елдің авариялық құтқару, күштік құрылымдары жұмыс істеп жатыр. Енді мамандар Бэйцзян өзенінен қауіптеніп отыр. Жауын тоқтамайтын болса елдегі ірі өзендердің бірі тасып, табиғи апат аумағы ондаған есе ұлғаюы мүмкін.
Руслан Бақытбекұлы