Лондонда қазақша сөйлеу клубы ашылды
«Еуропаға 1920 жылы келген бірінші қазақ Мұстафа Шоқайдан бастап, қазіргі қазақ қоғамына дейін».
Лондонда осы тақырыпта ұлт тарихын ұлықтаған ғылыми конференция өтті. Шара аясында «Түрік әлеміне қатысты Кеңес үкіметінің саясаты» атты кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасының тұсауы кесіледі.
Стив Скрютин - қаржы саласының маманы. Ағылшын және орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Енді міне қазақ тілін меңгергісі бар. Шаруаларын ысырып қойып, бүгін осында келді. Сөйлеу және тілді түсіну дағдыларын жетілдіру үшін көп еңбектену керектігін Стив мойындайды.
Стив Скрютин, қаржыгер:
- Мен енді бастап жатырмын. Өзіммен деңгейлес тіл үйренушілерді таптым. Бұл тілді тез меңгеруіме көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Өйткені сөздік қорың және тілдік базаң олармен бірдей болады.
Шетелдіктердің қазақ тілін үйренудегі мақсаты әр алуан. Бірі Қазақстанға туристік сапармен барғысы келеді. Енді бірінің жұбайы қазақ ұлтынан. Қазақтілді адамға ғашық болып қалғандар да кездеседі. Тағы бірінің қазақ авторларының шығармаларын түпнұсқада оқып, түсінгісі бар.
Себастьян Данн, ағылшын тілінің мұғалімі:
- Ағылшын тілінің мұғалімі болған соң басқа тілдерді де меңгергім келеді. Қазақ тілінің дыбысталуы өте ұнайды. Өткен жылы өздігімнен үйренуге тырыстым. Бірақ олай қызық емес екен. Дыбысталуын есте сақтау қиын және ешкіммен сөйлесе алмайсың.
Қазақша сөйлеу клубына тек шетелдіктер ғана емес отандастарымыз да мүше. Олар ана тілін толық меңгермегендерін ар санап, осында келген. Сондай-ақ басқа мемлекетте туылған қандастарымыз да тіл білімдерін жетілдіріп жатыр.
Қымбат Мәдениетқызы, студент:
- Қазақпын ғой. Үйде де әке-шешем қазақша ғана сөйлеткізеді. Сондықтан қазақшаны білу өте жақсы деп ойлаймын. Өзім Қытайдан келдім. Қытайда қытайша сөйлеймін. Бірақ үйде басқа тіл қолданбаймыз. Қазақшаны өте жақсы көремін.
Клуб мүшелері деңгейлеріне қарай шағын топтарға бөлініп, бірнеше үстел басына отырды. Түрлі тақырыптарда талқылауларға қатысып, сенімділіктерін арттырды. Шараның ұйымдастырушылары Ұлыбританиядағы қазақ орталығы және еріктілер тобы. Олар ғимарат жалдау шығындарын, оқу-әдістемелік құралдарын дайындау жұмыстарын өз мойнына алған.
Әлия Қанатбекқызы, ұйымдастырушы:
- Мен осы Англияда тұрып жатқаныма 24 жыл болды. Менің жолдасым ағылшын. Балаларым үлкен, өсіп кетті. Олар қазақшаны онша білмейді. Жолдасым үйреніп жүр қазақша. Енді оларға да үйренетін орта жасауға, Қазақстанмен байланысымызды жоғалтпауға, мәдениетімізді жоғалтпауға, Қазақстанмен тығыз байланыста болу үшін осындай қадамға барып отырмыз.
Қазақша сөйлесу клубының тұсаукесер рәсімінде жастар мың бұрала би биледі, домбырамен құйқылжытып, күй орындады. Ұлы Абайдың өлеңдерін қазақ және ағылшын тілдерінде оқыды. Клубқа қатысу тегін. Бастапқыда айына бір рет бас қосу жоспарланып отыр. Көкке шығып, таза ауада тіл үйрену де ойда бар. Сұраныс артса, кездесулер жиірек өткізілмек.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы