Қаталаған Филиппин, су астында қалған АҚШ
Шаруалардың көктемгі егіске кетпен, күрегі сай болғанмен, кей елде күн райы жайлы болмай тұр.
Иә, бұл уақытта, дүние түрленіп, дала жанданып, әлем елдері өнім егудің қамына қызу кірісу керек еді. Бірақ өкінішке қарай олай болмай тұр.
Шаруалар климат өзгерісінің теріс әсерін көктем кезінде қатты сезініп жатыр. Бұл түсінікті де. Ауыл шаруашылығы табиғи құбылыстармен тығыз байланысты сала.
Жүгерінің жауы
Ғаламдық жылыну аргентиналық фермерлер үшін жаңа жау тауып берді.
Ұзындығы 4-ақ миллиметрге жететін сары жәндік биыл әдеттегіден 10 есе көбейіп, жүгері дақылын құрытып жатыр. Ол қабық жегі деп аталады.
Аргентина жылда 60 млн тонна жүгері өндіріп, әлемдік экспортта 3-орын алатын. Енді бұл өткен шаққа айналатын сияқты. Жергілікті шаруалар қазірдің өзінде 10 миллион тонна өнімнен айырылған. Мамандар шығын көлемі әлі де артады деп қауіптенеді. Өйткені қабық жегілер түрлі ауру да таратады.
Фернандо Флорес, энтомолог:
- Қабық жегінің қаптауына қыстың жылы болғаны тікелей себепші болды. Көктемнің өзі ыстық болып тұр. Алда жаздың ми қайнатар аптабы бар. Сондықтан біз мына зиянкестен енді құтылмайтын сияқтымыз.
Аптап шаруаларды тығырыққа тіреді
Аптап ыстықтан азап шегіп отырған елдердің бірі – Филиппин.
Әсіресе фермерлерге ауыр. Бұл елде температура бағаны қазірдің өзінде 37 градустан асқан. Метеорологтар алдағы уақытта бұл көрсеткіш 45 градусқа жетеді дейді. Шаруалар ыстықтан дақылдардың сапасы нашарлап, соған сәйкесінше өнім көлемі азайып, жинап алғанның өзінде арзан бағаға сатылатынын айтады.
Хиларио Паминтуан, шаруа:
- Өсімдікке не керек? Салқын ауа, аздаған жауын-шашын қажет. Қазір керісінше қатты ыстық болып жатыр. Өсімдіктердің өнімі мен дәмі ғана емес, түрлеріне дейін өзгеріп кетті. Ыстықта қарбыздар кішкентай болып қалады.
Жаңбыр егіннің ебін келтірмей тұр
АҚШ-тың батысында керісінше шаруалар жауын-шашыннан жапа шегіп отыр.
Аймақта көктем басталғалы жаңбыр толассыз құйған. Егін егу үшін жердің кепкені керек. Онсыз егілген дән жерсінбейді және техника ойдағыдай жұмыс істей алмайды.
Сарапшылар бұл өңірде климат өзгерісі басқаша әсер еткенін айтады. Жылыну салдарынан булану деңгейі жоғарылап, жаңбыр жиі жауып жатыр. Кейінгі 30 жылда жауын-шашын мөлшері 15 пайызға көбейген.
Кэти Роджерс, шаруа:
- Ашық даладан жылыжайға ауыстық. Бірақ мұның өзі бізге көмектеспей жатыр. Жер тұтас болғандықтан, біз өнім егетін аумақ ылғалдан еш арылмайды. Жаңбыр үлгертпей жатыр. Шаруа қожалығымда 41 жұмысшы бар. Енді кіріс болмаған соң, оларға жалақыны қалай беремін деп басым қатып отыр.
Иә, климаттың өзгеруі бүкіл адамзат үшін үлкен қауіпке айналды. Бұған бір жағынан екі аяқты пенденің ренжитіндей жөні жоқ. Өйткені қара жердің қойнауын жауапсыз ақтарып, қазба отынды қисапсыз пайдаланып, табиғи тепе-теңдікті бұзған – өзіміз. Ашкөздікпен есепсіз байлық табамыз деп зиянды өндірісті көбейтіп, ауаны ластап жатқан да – өзіміз. Сарапшылар ғаламдық жылынуды тежейтін де адамның саналы әрекеті дейді.
Ернат Мелсұлы, 24.KZ