Америкалық арман? Қоя тұр, өздері жұмыссыз жүр
АҚШ-та соңғы апта ішінде жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға алғаш рет тапсырыс бергендер саны былтырғы жылдың тамызынан бері ең жоғары деңгейге жетті.
Ресми дерекке сүйенсек, жалпы мемлекетте осы мерзім ішінде 1 миллион 800 мыңдай америкалық жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алған екен.
АҚШ Еңбек министрлігінің хабарлауынша, кейінгі бір аптаның ішінде елде 231 мың азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл Dow Jones қорының болжамынан 22 мың адамға артық. Мемлекетте сәуір айында да бос жұмыс орындарының саны соңғы үш жылдың ішіндегі ең төменгі деңгейге түсіп, азаматтарды жұмысқа қабылдау аз болған еді.
Брайан Малберри, Zacks investment management компаниясының менеджері:
- Бұл кейінгі 6 ай ішіндегі жұмыспен қамту бойынша ең төменгі көрсеткіш. Ал елдің соңғы жалпы ішкі өнім есебі болжанған меженің тек жартысына ғана жетіп отыр. Бұл АҚШ экономикасының баяулап жатқанын білдіреді. Статистика елдегі пайыздық мөлшерлемені төмендетуге әкелуі мүмкін бе? Қазір бәрін мазалап отырған сұрақ осы.
АҚШ-та жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға өтініш білдірушілер мен әр апта сайын есептелетін жұмыстан қысқарғандар саны еңбек нарығындағы жағдайды анықтап отыратын басты көрсеткіш болып саналады. Бұған дейін оның динамикасының әлсіреуі Федералды резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені жоғары деңгейде өзгеріссіз қалтыруына себеп болды.
Джером Пауэлл, АҚШ Федералды резервтік жүйесінің төрағасы:
- Біз пайыздық мөлшерлемені қазіргі деңгейде қанша қажет болса, сонша уақыт сақтауға дайынбыз. Себебі оны тез немесе тым көп мөлшерде азайту инфляцияны тежеу процесіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Кеш төмендетудің де теріс жақтары бар екенін ұмытпауымыз керек. Ол экономикалық белсенділікті баяулатып, жұмыспен қамтуды әлсіретуі ықтимал.
АҚШ Еңбек Министрлігінің мәліметінше, өткен айда елде жаңа жұмыс орындары азайып, жұмыссыздар саны арта түскен. Сәйкесінше жалақының өсу деңгейі де бәсеңдеген.
Айжан Сыдықова, 24.KZ, АҚШ