Жұмыста отырып «жүріп кететіндер» көбейген

Халықаралық зерттеу ұйымдарының мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын жұмыс орнында 2 миллион 400 мың адам көз жұмады.

Сарапшылар бұл соғыста қаза тапқан құрбандар санынан көп дейді. Расында, бейбіт жағдайда жұмыс істеп жүріп жан тапсыру өте алаңдатарлық мәселе. Мұндай қайғылы жағдайларға не себеп?

Өкінішке қарай, отандастарымыз жұмысына енді кірісетін таңертеңгілік уақыттан бастап сұмдық мәліметтерді бөлісуге мәжбүрміз.

Жұмыс орнында көз жұму көбейді

Италияның солтүстігіндегі Ломбардия облысында былтыр 172 адам жұмыс орнында қайтыс болған.

Осыған байланысты Милан қаласының орталығында наразылық шарасы өтті. Белсенділер жерге 172 табыт қойған. Олар билік пен жұмыс берушілер еңбек қауіпсіздігіне мән бермейтінін айтады.

Осы айда Палермо қаласындағы су тазарту кешенінде 5 жұмысшы опат болған. Ал сәуірде су электр зауытындағы жарылыс 7 адамның өмірін қиды. Ақпанда Флоренцияда супермаркеттің шатыры құлап, 5 кісіні басып қалған.

Енрико Вецца, Ломбардия облысының кәсіподақ басшысы:

- Былтыр 172 адам жұмыс орнында бақилық болса, биыл жыл басынан бері 41 жұмысшы ажал құшты. Бұған көз жұма қарауға болмайды. Ел аман, жұрт тынышта осыншама адамнан айырылу – сұмдық нәрсе. Жан тапсырған жұмысшылардың артында қаншама адам зар жылап қалды. Бұл – үлкен қасірет.

Ео: Жұмыстағы өлім-жітім 42% өсті

Жұмыс орнында өлім-жітімнің артуына себеп көп. Соның біріне кейінгі кездері "климаттың өзгеруі" де қосылды. Еуропаның сауда одағы федерациясы "кәрі құрлықта" ыстық салдарынан қайтыс болғандар саны басқа аймақтарға қарағанда анағұрлым жоғары екенін есептеп шығарды. Еуропалық одақта 2000 жылдан бері аптаптан жан тапсырғандар қатары 42 пайызға өскен. Сондықтан мамандар Еуропарламенттен жоғары температура болғанда, жұмыс істеуге болмайтындай шектеу қоюды талап етіп отыр.

Біз жұмыс орнын климат өзгерісіне бейімдей алмағандықтан жыл сайын ондаған жұмысшының тектен текке өлуіне жол бере алмаймыз. Адамдар аса қауіпті жағдайда өте жоғары температурада жұмыс істеуге мәжбүр. Оларда ешқандай таңдау жоқ. Жұмыс уақытын өзгертуіміз қажет – дейді Еуропа сауда одағы федерациясының бас хатшысы Джулио Романи.

2023 жылы 99 журналист көз жұмды

Еңбек алаңында жүріп қапелімде өмірі қиылатын ең қауіпті мамандық иелері – журналистер. Былтыр әлемде 99 медиа қызметкер көз жұмған. Сұмдық мәлімет Журналистерді қорғау жөніндегі халықаралық комитеттің жылдық есебінде айтылды. Бұл кейінгі 9 жылдағы ең үлкен көрсеткіш және алдыңғы жылмен салыстырғанда 44 пайызға жоғары. Комитет өкілдері "журналистер – азаматтық қоғам қызметкерлері және оларға шабуыл жасау – әскери қылмыс" дейді. 2023 жылы бақилық болғандардың 72-сі Газа секторында жан тапсырған. Көбі – палестиналықтар, 3-уі – Ливан және 2-і – Израиль азаматы.

Юсуф Әбу Куейк, журналист:

- Қақтығыс күшейген соң Рафах қаласынан кеткелі жатырмыз. Мұнда біздің ондаған әріптесіміз көз жұмды. Біз бұл жақтан кетсек те, ақпарат беруді тоқтатпаймыз. Яғни күрес жалғаса бермек. Біз қылмыстарды хатқа түсіруіміз керек. Әріптестеріміздің құрбандығы жайдан жай болмауға тиіс.

Бұлар әрине қақтығыс аймағында көз жұмғандар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кеңседе күні бойы отырып жұмыс істеу – жүрек-қан тамырлары ауруынан өлу ықтималдығын 30 пайызға арттыратынын айтады. Еуропалықтардың 45 пайызы ешқашан дене жаттығуын жасамайды екен. Мамандар кеңсе қызметкерлеріне күніне кемінде 15 минут физикалық іс-қимыл жасаса өмірін ұзартуға жеткілікті дейді.

Ернат Мелсұлы, 24.KZ