Мидай араласқан мигранттар

Әлемде 8 млрд халық болса, соның 3,6 пайызы көшіп-қонып ғұмыр кешеді.

Мұндай деректі Дүниежүзілік көші-қон ұйымы келтіріп отыр.

Босқындар негізінен Азия мен Еуропадан пана іздейді екен. Испанияның Канар аралдарында күн сайын ондаған келімсек құтқарылады. Ұлыбританияға ағылған мигранттар саны 10 күнде мыңнан асқан. Әлем елдеріндегі миграция мәселесіне қатысты мән-жайды тілшіміз баяндайды.

Ұлыбританияға ағылған мигранттар азаяр емес

Ұлыбритания босқындардың басты алаңына айналды.

Мұнда ағылған мигранттар нөпірі 10 күн бойы толастаған жоқ. Осы уақытта корольдікке бағыт алған 1 мыңнан астам келімсек Ла-Манш арнасын кесіп өткен.

Босқындар көбіне кедей елдерден баспана сұрап келеді дейді сарапшылар. Мәселен, былтыр Франциядан Кента жағалауына 30 мыңға жуық мигрант өткен. Елдегі көші-қон дағдарысын реттеу үшін билік қайықтарды тоқтатуға уәде берді.

АҚШ-та келімсектер қатары кеміді

Ал АҚШ-та керісінше, босқындар қатары 50 пайыз төмендеп, соңғы бірнеше айда саябырсыды.

Бұл туралы Мексика Президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадор хабарлады.

Оның сөзінше, былтыр желтоқсанда Америкаға бағыт алған 12 мыңға жуық босқын Мексика шекарасын кесіп өткен. Келімсектер қатарының шамадан тыс артуына байланысты билік шұғыл шара қабылдап, олардың санын әжептәуір қысқартты. Қазір тәулігіне 6 мың мигрант Мексика шекарасы арқылы АҚШ-қа өтеді.

Канар аралдарында 170 мигрант құтқарылды

Испан жағалау күзеті Канар аралдарында қалған 170 мигрантты құтқарды.

Тағы 1 адамның мәйітін тапты. Қазір босқындар испан құтқару кемесі арқылы Аргинегин портына жеткізілді. Олардың қатарында әйелдер мен балалар да бар.

Жергілікті ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы 4 айда Испанияға қайықпен келген келімсектердің саны 20 мыңға таяған. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда үш есе артық.

Босқындарға қатысты талап күшейді

Германияда босқындарға қатысты жаңа ереже күшіне енді.

Талапқа сәйкес, елге баспана іздеп келген келімсектер енді дүкендерде қолма-қол ақшамен есеп айырыса алмайды. Тек арнайы төлем карталарын қолданады. Әлеуметтік жәрдемақы да осында түсіп отырады.

Бұл карта ел аумағынан тыс жерлерде жарамсыз, тіпті басқа мемлекетке аударым жасалмайды. Өйткені соңғы уақытта  адам тасымалымен айналысатын контрабандалық әрекет көбейіп кеткен. Билік осы себепті босқындарға қатысты талапты күшейтті.

Әсия Нұрлыбаева, 24.KZ