АҚШ-та Қытай тауарларына салық артады

АҚШ Қытайдан импортталатын электромобиль, аккумулятор және тағы басқа көптеген тауарға тарифтерді еселеп өсіруге кірісті, деп хабарлайды 24KZ.

Жарлыққа президент Джо Байден қол қойды. Ақ үй бұл заңның америкалық өндірушілерді қытайлық арзан импорттан қорғауға бағытталғанын айтады. Ресми Бейжің бұған наразылық білдіріп, қарымта шара қолданатынын ескертті.

Президент Джо Байден бекіткен заңға сәйкес Қытайдан әкелінетін электромобиль мен аккумулятордан бөлек, компьютерлік чип, болат, алюминий, жартылай өткізгіштер, медициналық жабдықтар және тағы басқа тауарларға кедендік алым артады. Мысалы, күн батареяларынан алынатын баж салығы бірден 50%-ке көтеріледі. Ал электр көліктерге баж салығы 4 есе көтеріліп, 100%-ке жетеді. Оларға қажетті литий-ионды аккумуляторларға 3 есе артады.

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Қытай үкіметі өз компанияларына әлі күнге дейін жартылай өткізгіштерге, электромобильдерге, күн батареяларына, тіпті қолғап пен маска сияқты денсаулық сақтау жабдықтарын шығарғаны үшін қомақты субсидия бөледі. Осылайша, қытайлық компаниялар арзан және артық өнімді тоқтаусыз шығарып, әлемдік нарықты жаулады, басқа өндірушілерді әділетсіз сауда арқылы ығыстырды. Біз бұған енді жол бере алмаймыз.

Байденнің айтуынша, Қытайдың арзан тауарлары ішкі өндіріске орасан зор зиянын тигізіп отыр. Мысалы, Пенсильваниядағы болат зауыты тоқырап, бірнеше жылда 2 мыңға жуық адам жұмыссыз қалған. Сондықтан Қытайдан импортталатын болат пен алюминийге 25%-тік баж салығы енгізілген. Ресми Бейжің Ақ үйдің бұл шешімін қатаң сынға алды. «Бұл – Президент сайлауы алдында екі ел арасындағы сауда мәселесін әдейі көтеру», – деп айыптады.

Лин Цзянь, ҚХР СІМ баспасөз хатшысы:

- Біз АҚШ тарапынан экономикалық және сауда мәселелерін ушықтыруды, Қытайға салынатын қосымша тарифтердің күшін жоюды, сондай-ақ жаңа тарифтерді енгізуді тоқтатуды талап етеміз. Қытай өз құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

Жалпы АҚШ былтыр Қытайдан 427 млрд доллардың тауарын импорттаса, аспан асты еліне тек 148 млрд долларға экспорттаған. АҚШ-тың жаңа шаралары құны 18 миллиард доллар болатын қытай тауарларының импортына әсер ететін болады. Жарлық 90  күннен кейін күшіне енеді.

Авторы: Айжан Сыдықова.