Ұлыбританияда қымыз сатылады. Шартарап
Ұлыбританияда бие сүтінен жасалған өнімдердің түр-түрі сатылады.
Мәселен, пастерленген құтыдағы қымыздың 250 грамы 3 650 теңге. Бие сүтінен жасалған жақпа майлар да бар. 50 миллиграм бір кремнің бағасы 10 000 теңге. Бұл - Англияның оңтүстік батысындағы Кромвель фермасының өнімдері. 40 жылдан бері келе жатқан отбасылық бизнес - Ұлыбританиядағы бие сүті саудасымен айналысатын жалғыз компания.
Сондай-ақ, бұл елде бие сүтінің пайдасын көріп, кәсібін дөңгелетіп отырған жалғыз британдық фермер бар. Бұл - Фрэнк Шеллард. 14 бас жылқысын өзі сауады. 250 мл бір шөлмек сүт - 6,50 фунт стерлинг тұрады. Бұл біздің теңгеге шаққанда 4 мың теңгедей. Фермер кәсіп көзін - экзема ауруына шалдыққан немересінің дертіне дауа іздеп жүріп тапқан.
Фрэнк Шеллард, фермер:
- Бие сүтінің пайдасы туралы көп оқыдым, көп зерттедім. Көптеген мамандардың кеңесіне жүгіндім. Содан кейін жылқы шаруашылығын дамытамын деп шештім. Қазір соның жемісін көріп отырмын десем де болады. Әрі немеремнің де көз алдымда дертінен айығып келе жатқанын көріп, әлі біраз адамға көмектесе алатыныма қуанамын.
Бие сүтінен қымыз емес, сабын өндреді
Бие сүтінің пайдасын Еуропа 90 жылдары біле бастады. Қымыздың қасиетін дәл қазақтардай ұғынбағанмен, өздерінің қал-қадірінше өнім өндіріп келеді. Әсіресе, Германия, Белгия, Нидерланд және Франциядағы сүт зауыттарында көбіне емдік және косметикалық мақсатта өндіріледі. Сабын, жақпа май және шаш жууға арналған өнімдер де шығарады. Сөйтіп, еуропалықтар бұрынғы қазақтардай биенің сүтіне шомылмағанмен, оның сүтінен жасалған сабынмен жуынып жүр.
Құс тұмауы сиырға жұқты
Сөз басында әлем тұтынатын сүттің 82% -і сиыр сүті дедік. Алайда оның көбі жарамсыз болып қалуы ғажап емес. Өйткені, қазір АҚШ-тың 27 штатында құс тұмауы өршіп тұр. Вирус Айдахо, Канзас, Мичиган, Нью-Мексико, Техас және тағы бірнеше штаттағы 26 табында анықталып отыр. АҚШ билігі ахуалға байланысты тұрғындарға пастерленбеген сүт пен ірімшік өнімдерін уақытша пайдаланбауға кеңес берді. Сондай-ақ, 17 штаттағы вирус анықталған аумақтардан сүт өнімдерін импорттауға шектеу қойылды. Ал қымызға қатысты мұндай дерек бұған дейін еш жерде тіркелмеген.
Мэнди Коэн, АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының директоры:
- Бізге құс тұмауы жақсы таныс. Яғни онымен тиімді күресу бойынша тәжірибеміз мол. Бірақ құс тұмауының мүйізді ірі қараға жұғуы – жаңа құбылыс. Әсіресе сүтті мал вирустың түрленуіне мүмкіндік беруі мүмкін. Бізді алаңдатып отырған да осы. Сондықтан вирус қаншалықты өзгерді және оның адамзатқа қауіптілігі қандай деңгейде, осыны терең зерттеу қажет.