Сеулдегі көрермен қазақ музыкасына қол соқты
Сеулдегі корейлер қазақ музыкасына қол соқты.
Оңтүстік Корея астанасында өткен концертке ұйыған жұрт енді Қазақстанға барсақ, көрсек деп армандайды. Біраз біздің елді көруге құлшынып, билет алуға әзір.
Күні бойына созылған концертке келген корейлер бауырсақ, құрт, ірімшіктен де ауыз тиіп мәре-сәре. Сөйтіп Сеулдегі қазақ фестивалінің тағы қандай жаңалықтары бар екен?
Ашық аспан астындағы концертте бос орын жоқ. Таңнан кешке дейін Сеул орталығындағы алаңда Орталық Азия елдерінің музыкасы шырқалды. Қазақстан атынан Ақтөбе облыстық филармониясының қазақ камералық хорының әртістері өнер көрсетті.
Сеул оркестрі көктемгі мерекелік концертке Абай әнін арнайы дайындады. Корей музыканттары қазақ камералық хорының солистерімен бірге әлемге әйгілі шығармаларды орындады. Репетициялар онлайн өтті. Жиырма сегіз жастағы Серік Жұбатқан алғаш рет операдан ария шырқады.
Серік Жұбатқан, қазақ камералық хорының солисті:
- Арманым көп, соны үшін осындай әлемдік денгейлерде осы классикалық шығармаларымыз өзіміздің қазақтың халық әндерін, қазақтың Абай атамыз жазып кеткен классикалық ығармалардың барлығын әлемдік деңгейде көрсеткім келеді.
Қазақ камералық хоры көше сахнасында бірнеше сағат бойы өнер көрсетті. Әртістер 22 шығарма орындады.
Ким Сон Голь, халықаралық лидерлер одағының вице-президенті:
- Маған концерт қатты ұнады. Қазақ халық музыкасы корейлердің Ариран әні сияқты сабырлы, бірақ күш-қуат береді.
Орталық Азия көктемі фестивалінде Сеул тұрғындары қазақ тағамдарынан дәм татып, Қазақстанның көрікті жерлерінің фонында суретке түсіп, қазақ тілінде жазуы бар киімдерді тегін алды.
Ли Мен Ын, студент:
- Мен Шет тілдер университетінің қазақ бөлімінде оқимын. Мен Қазақстан туралы тек кітаптан ғана білемін, сондықтан концертке жеке қатысып, осы елдің мәдениетімен таныстым.
2 күн ішінде көктем фестивалін мыңдаған адам тамашалады. Олардың кейбірі Қазақстанға сапар шегуді жоспарлап қойған. Саяхат жасауға мүмкіндік те мол. Келесі айдан бастап қос ел арасындағы әуе рейстерінің саны артады. Пандемия кезінде үзіліп қалған Астана мен Сеул арасындағы тікелей әуе қатынасы маусым айында қайта ашылады.
Владислав Цой, Ольга Лян