Ауғанстан шегірткеден зардап шегіп отыр
Ауғанстан елі де биыл екінші жыл қатарынан марокколық шегірткенің шабуылына ұшырады.
Тік мұртты зиянкестер әсіресе солтүстік аймақтарда ойран салуда. Ауғанстанның егінді өлкелері саналатын Тахар, Құндыз, Бағлан, Саманган және Балх провинциялары көп зардап шеккен. Билік жер-жерді кезген шегірткелерді жою үшін түрлі дәрі қолдануда. Үндістаннан 40 мың литр малатион деп аталатын химиялық зат алып, 17 мың гектар жер тазартылған.
Ричард Тренчард, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының Ауғанстандағы өкілі:
- Марокко шегірткесі әлемдегі ең қауіпті өсімдік зиянкесі саналады. Ол өсімдіктердің 150-ден астам түрі мен 50-ден астам дәнді дақылды жейді. Біз ұлттық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен зиянкестерді жойдық. Бірақ марокко шегірткесі тез көбейетіндіктен, келер жылға дайындықты күшейтуіміз керек.
Көршіміз Ресейдің оңтүстік аймақтарында да шегіртке қаптап жатыр. Биыл жәндіктердің көбеюінен 200 мың гектар жер зақымданған. Билік шұғыл шараларды қолға алып, зиянкестің басты таралу ошақтарын жоя алдық деп мәлімдеді. Алайда мамандар да алдағы айларда қазіргідей жағдай қайталануы мүмкін екенін ескертеді.
Биыл әлемнің кей аймақтарында көктем айларында күн қатты ысып, жәндік атаулыға жан бітірді. Соның кесірінен бірнеше ел шегірткеден қатты зардап шегіп отыр. Зиянкестер тез көбейіп, миллиондаған шақырым егістік алқаптарына қауіп төндіруде. Әсіресе шегіртке қара құрлықтың шығыс және батыс аймақтарында қаптады. Эфиопия, Кения, Сомали, Уганда, Оңтүстік Судан, Мавритания, Мали, Нигер, Сенегал, Чад, Буркина-Фасо елдері жәндіктердің шабуылына төтеп бере алар емес. Оңтүстік Азияда Үндістан мен Пәкістан, Таяу Шығыста Иран, Сауд Арабиясы және Йеменнің көп бөлігі дәл осындай жағдайды бастан кешуде. Көрші Ресейдің оңтүстік аймақтары мен Қытай, Түркия және Батыс Еуропа елдері де шегіртке шабуылына ұшырады.
Африка
Эфиопия, Кения, Сомали, Уганда, Оңтүстік Судан
Мавритания, Мали, Нигер, Сенегал, Чад, Буркина-Фасо
Азия
Үндістан, Пәкістан
Таяу Шығыс
Иран, Сауд Арабиясы, Йемен
Ресей
Қытай
Түркия
Батыс Еуропа
Жасыл шегірткемен жылдар бойы күресіп келе жатқан Кения да биыл тағы зиянкес жәндіктің шабуылына ұшырады. Тікқанаттылар елде ақпан-наурыз айларында қаптап, елдің солтүстік-шығыс аймақтарында 2400 шаршы шақырым жерді отап тастады. Жәндіктер ауыл шаруашылығы дақылдарын түк қалдырмай кеміріп, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне зор нұқсан келтірген. Ахуалға байланысты шұғыл шаралар қабылданып, халықаралық ұйымдар қаржылай әрі техникалық қолдау көрсетті. Нәтижесінде мамыр айы басталғалы шөл шегірткенің шабуылы бәсеңдеп, билік одан арылғанын жариялады. Бірақ мамандар қауіп әлі сейілген жоқ дейді.
Воркне Гебейеху, даму жөніндегі халықаралық ұйымның атқарушы хатшысы:
- Климаттың өзгеруі зиянкес шегірткенің тез таралуына қолайлы жағдай жасап отыр. Бұл көп елдің ауылшаруашылық саласына айтарлықтай шығын әкелуде. Салдарынан азық-түлік тапшылығы туындап, халықтың күн көру үшін баспаналарын тастап, босып кетуі сынды мәселелерге алып келіп жатыр.