30 млн гүл: Наманганда дәстүрлі гүлдер фестивалі өтті

Өзбекстанда 60 жылдан астам уақыттан бері ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі фестиваль бар, деп хабарлайды 24KZ.

Оны өткізу бүтіндей бір аймақ үшін символикалық мәнге айналған. Бұл – Намангандағы гүлдер фестивалі. Іс-шара биыл да жалғасын тапты. Қаладағы әрбір тұрғын оған өз үлесін қосып, бау-бақшасы мен көліктерін алуан түрлі гүлмен әрледі.

Бұл – өн бойы тұнған әсемдік пен хош иіс фестивалі. Табиғатта кездесетін барлық гүл атаулыға жан бітіп, айналаны асқан әдемілікке бөлейтін кез.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Наманган – Өзбекстандағы ең көрікті әрі әсем қалалардың бірі. Биік бизнес орталықтары және зәулім ғимараттарынсыз осындай атқа лайық боп отыр. Себебі шаһар жайқалған гүлзар бақпен көмкерілген. Онысы өзіндік ерекшелік іспетті. Қала жылына бір мәрте гүлдер фестивалін өткізіп, жер-жерден жиналған туристер мен тұрғындарды көрікті дәстүрімен баурайды.

Гүлдер фестивалінің дәстүрге айналғаны соншалық, жалпыхалықтық мереке ретінде тойланады. Елдің түкпір-түкпірінен жұрт жиналады. Оларға аптап та кедергі емес. Мұны ішкі туризмді түлететін бірден-бір себеп дерсіз. Гүлзар бағындағы әр мемлекетке арналған композиция тіпті таң қалдырады. Соның ішінде біздің елге арналған аумақ бар. Жан-жағы жасыл-желекке оранған «Бәйтерек» монументінің макеті алыстан мен мұндалайды.

Атхамжон Мирзаев, ұйымдастырушы мекеме өкілі:

- Бұл гүлдерді егуге 1 ай бұрын дайындалдық. Әр гүлдің өз күтімі бар. Жерді дайындауға да біраз уақыт кетеді. Шамамен бас-аяғы 2 айда осындай бақты, ерекше композицияларды жасап шығардық. Әрбірінің сызбасы алдын ала тексерістен өткен.

Жергілікті билікті шет мемлекеттен келетін мейманның көптігі қуантады. Сондықтан ұйымдастырушыларға барынша шынайы болуды міндеттеген. Нәтижесінде гүлзар бақ жұпар иісімен аңқып тұр.

Миштария Абдуманова, қала тұрғыны:

- Біз фестивальға жастардың республикалық ұйымы атынан келіп, қатысып отырмыз. Бүгінгі іс-шараны тамашалап, керемет көңіл-күйде жүрміз. Өзбекстан ғана емес, Еуропа және Азия мемлекеттерінен келген саяхатшылармен таныстым.

София Өзтүрік, түркиялық саяхатшы:

- Қалада мұндай мейрам болатынын бұрын естіп-білмеген екенмін. Жан-жағымыз түгел гүл, тұнған сұлулық. Қандай тамаша?! Өзбекстанның осындай фестиваль ұйымдастырып, саяхатшыларға ұсынғанына көп рақмет.

Бағбандар биылғы фестиваль үшін арнайы 30 млн түп көшет еккен. Одан бөлек, жасыл бақта 60 жылдан астам уақыт бойы жайқалып өсіп тұрған өсімдік түрлері көп. Тағы бір ерекшелік, дәстүрлі фестивалді өткізуге жергілікті қатал климат еш әсер етпеген. Қала қоныс тепкен жердің топырағы сортаң әрі тұзды болғанымен, орталығы гүлзар бағымен әйгілі.

Авторы: Рауан Мыңбаев