Ауғанстанда гендерлік теңдік мәселесі ушығып тұр

Гендерлік теңсіздік мәселесі әсіресе еңбек нарығында қатты байқалады.

Былтырғы жаһандық статистика көңіл көншітпейді, – дейді мамандар. Оған экономикалық дағдарыс себеп. Сарапшыларды әсіресе Ауғанстандағы ахуал алаңдатып отыр. Ауғанстанда гендерлік теңдік мәселесі әсіресе кейінгі жылдары ушығып кетті. Түйткілге тосқауыл қою мүмкін бе?

Бұл проблема әсіресе 2021 жылдан өршіп тұр. Халықаралық қауымдастықтың үндеуіне қарамастан жағдай өзгерер емес.

Басқарушы қызметтегі әйелдердің үлесі төмен

Әлем бойынша жұмыс істейтін әйелдердің үлесі 42%-ке жуықтап қалған. Бұл – жақсы көрсеткіш. Десе де басқарушы қызметтегі нәзік жандар әлі де аз. Мұны зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр. 2015 жылдан бері компания директоры, вице-президенті, министр секілді лауазымдағы әйелдер көбейіп келген. Бірақ былтырғы статистика көңіл көншітпей отыр. 2023 жылы олардың үлесі 32%-ке дейін азайған. Мұның бір себебі жаһандағы экономикалық қиындықтармен байланысты болуы мүмкін. Бұған қатысты сарапшылар былай дейді.

Сью Дьюк, Linkedin жаһандық мемлекеттік саясат бөлімінің жетекшісі:

- Экономикалық қиындықтардың бар ауыртпалығы әйелдердің мойнына артылады. Сондықтан жұмысқа қабылдаудың инклюзивті тәжірибесін қолдану, тез дамып келе жатқан және жалақысы жоғары компанияларда басқарушы қызметтегі әйелдердің беделін арттыру арқылы бұл үрдісті өзгертуге болады.

 

Гендерлік теңдік индексі

Мамандар 163 елдегі ахуалды зерттеген. Гендерлік теңсіздік аз байқалып отырған елдердің үздік бестігіне Исландия, Норвегия, Финляндия, Жаңа Зеландия мен Швеция кірген. Алғашқы ондықтағы елдердің көбі Еуропада орналасқан. Расымен гендерлік теңдік мәселесінде кәрі құрлықтағы жағдай өзгелерімен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Ал индекстің соңындағы 5 мемлекеттің қатарына Пәкістан, Иран, Алжир, Чад пен Ауғанстан кірген.

 

Гендерлік теңдік мәселесі ушығып тұр

Ауғанстан демекші, мұнда 2021 жылы билік басына тәлібтер келгелі еңбек нарығындағы жағдай айтарлықтай өзгерген. Олар әуелде әйелдердің еңбек етуіне кедергі етпейміз дегенімен қазіргі ахуал басқаша боп тұр. 2022 жылдың соңында жергілікті және шетелдік үкіметтік емес ұйымдарға жұмысқа қыз-келіншектерді қабылдауға тыйым салынды. Әлемдік қауымдастық бұл шешімді қатаң сынға алды. Өйткені бұл әйелдердің құқығын таптаумен қатар елдегі гуманитарлық дағдарысты одан бетер ушықтырып жіберетінін айтқан. Бірақ баяғы жартас – бір жартас. Қазір нәзік жандылардың көп жерде жұмыс істеуіне рұқсат берілмейді. Олар негізінен денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келеді.