Қытай туризмді дамыту шараларын күшейтті

Көрші ел бірінші кезекте визалық талаптарды жеңілдетті, деп хабарлайды 24kz.

Тіпті кейбір мемлекеттер үшін мүлдем алып тастады. Осының арқасында Қытайға саяхаттаушылар саны күрт өсті. Енді ел билігі туристерге ұсына бермейтін кейбір тарихи, ұлттық нысандарын көрсете бастады.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Бұл атақты Янцзы өзені. Ұзындығы жағынан дүниежүзі бойынша үшінші орын алады. Бастауын сонау Тибеттен алып, Қытайдың ішін қақ жарып өтетін өзен елдің негізгі су магистралі болып саналады. Өзеннің бойында Қытайдың ірі деген 30-ға жуық қаласы орналасқан. Қазір ел билігі осы шаһарларды туристік бағытта дамытуға ерекше күш салып жатыр.

Қытайда туризм мол табыс әкелетін негізгі индустриялардың бірі. Елде өндіріс, дәстүр, тағам, ауыл шаруашылығы сияқты кез келген сала туристік мақсатта пайдаланылады. Бүгінде 36 мемлекет үшін визаны алып тастады. Осының арқасында шетелдерден Қытайға 82 миллионнан астам турист кірген. Ал олардан 53 миллиард АҚШ доллар табыс түсті. Енді провинциялардың әлеуетін іске қоса бастады. Қазір Янцзы өзенінің бойындағы қала, ауылдар мен елді мекендерде инфрақұрылым жетілдіріліп, тарихи-мәдени нысандар бірыңғай ұлттық жобаға енгізіліп жатыр.

Вонг Цзянсе, Цзюцзянь музейінің директоры:

- Ұлттық жоба 4 кезеңнен тұрады. Алғашқы үш кезеңі аяқталды. Енді төртінші кезеңде өзеннің 11 шақырым бөлігі ұлттық парк болып жасақталады. Оған тарихи-мәдени нысандарды қосамыз. Бұл туристер легін 200%-ке дейін артады. Қазірдің өзінде Цзюцзян қаласында 2,2 млн саяхатшыны қабылдадық.

Қытайлықтар өзенді жағалай орналасқан шағын елді мекендердің тіршілігін көрсетіп-ақ, ел қазынасына қыруар қаржы түсірудің амалын тапқан. Мәселен, мына Шэньшань ауылы түкпірде тұр. Жергілікті халықтың бұған дейінгі табыс көзі тек қана шай өсіру болған. Мемлекет кешенді туристік жобаға енгізіп, шай өндіру технологиясын көрсетіп, мыңдаған саяхатшыларды тартып отыр.

Пэн Дунлян, Шэншань ауылының тұрғыны:

- Ауылымыз бірден көтерілді. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Ең бастысы, жастар тұрақтай бастады. Табысымыз да едәуір өсті.

Лай Фун, Шэншань ауылының тұрғыны:

- Жасым 86-да. Осы ауылда туып өстім. Тұрғындардың жағдайы қазіргідей деңгейде болған емес. Бүгінде туристер көп келетін болды. Сауда жүріп, ауыл жанданды. Келушілердің дені шай өндірісіне, шайды егіп, күтіп-баптау, кептіру, әзірлеу тәсіліне қызығады.

Қытайдың туризмге бағытталған кешенді жобалары жылына 365 күн бойы тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Күндізгі туризм аяқталса, түнгі сауық басталады. Қытайдың дәстүрі, осы елге тән түрлі отшашу, жарық шамдар, шоу қойылымдар миллиондаған адамның қызығушылығын туғызған.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Төңірегімдегі кез келген зат қытай стилінде. Қорғандар, айдаһарлар, ұлттық киімдер тіпті тағамдарынан дейін ұлттық бағытта жасалған. Міне, ана жерде өздерінің дәстүрлерін көрсетіп, туристерді тартып, үлгі етіп көрсетіп жатыр.

Сион Хан, турист:

- Цзюцян қаласы – ең жас қала. Біз түнгі шоуды көру үшін достарымызбен арнайы келдік. Бұл Қытайдың нағыз дәстүрі мен мәдениетінің орталығы. Әсіресе, түнгі уақыттың көрініс тура бір ертегідегідей. Мұнда жастар көп келеді.

Қытайлықтардың өздері де өте саяхатқұмар халық. Оған қаражат аямайды. Мәселен, ішкі туризм статистикасына сай 2023 жылы Қытай ішінде 4 миллиард 800 миллион адам саяхаттаған. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 93%-ке көп. Шекара асатындары да аз емес. Мәселен Қазақстанға 2023 жылы 217 мың қытайлық турист саяхаттаған. Биыл – Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы. Соның аясында туристер тартуға бағытталған 35 іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Осының арқасында Аспан асты елінен келетін меймандар саны ондаған есе артады деп күтілуде.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы