Су тасқыны әлем елдеріне зор шығын келтірді
Германияның оңтүстігінде өткен күндері жүрген су тасқынынан келген шығын көлемі 100 миллион еуродан асады.
Әсіресе ауыл шаруашылығына көп залал келген. Астық, жүгері мен картоп алқаптары бүлінген. Тасқыннан 6 адам опат болды. Қазір судың беті қайта бастаған аудандарда тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ синоптиктердің болжауынша, Баварияда тағы нөсер жаууы мүмкін.
БЛИЦ
- "Мен Пассау қаласында тұратын туыстарым үшін қатты алаңдап отырмын. Синоптиктер түрлі болжамдар жасап жатыр. Су болса әлі басылар емес. "
- "2013 жылы су деңгейі бұдан да жоғары болған. Биліктің сол тасқыннан сабақ алғаны көрініп тұр. Бұл жолы зор шығынды болдырмас үшін мамандар алдын ала қамданған."
Тасқыннан келген шығын есептеліп жатыр
Ауғанстан
Ауғанстанның солтүстігінде өткен айдағы алапат тасқыннан келген шығын есептеліп, жолдарды үйінділерден тазарту жүріп жатыр. Қызыл су жүздеген білім және емдеу мекемелерін шайып кеткен. 3 мыңға жуық үй қирап, тағы 4 мыңдайы бүлінген. Тасқын жүрген аудандарда су әлі қайтар емес. Табиғат апатынан бір айда 350 адам опат болып, 60 мыңға жуық тұрғын зардап шекті. Қазір халықаралық ұйымдар да жапа шеккен аудандарға гуманитарлық көмек жеткізіп, тұрғындарды ауызсу, азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге күш салып жатыр.
12 млн адам қоныс тойын тойлайды
Пәкістан
Ал Пәкістанда кейінгі 2 жылда су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға жаңа үйлер салу жұмыстары басталды. Билік жалпы 2 млн 100 мың баспана тұрғызуды жоспарлап отыр. Бұл туралы осы елдің бас министрі Мұрат Әли Шах хабарлады. Жоба құны 7 миллиард долларға жуықтайды. Егер бағдарлама сәтті жүзеге асса 12 млн астам адам қоныс тойын тойлайды. Айта кетейік, Пәкістанда жыл сайын жаңбырлы маусым басталысымен су тасқыны жиілейді. Биыл табиғат апатынан Хайбер-Пахтунхва және Белуджистан провинциясына көп залал келді.