Қытайда су тасқынынан жағдай ушықты

Қытайда су тасқынынан жағдай ушығып барады.

Елде өзендер тасып, сарқыраған қызыл су жүздеген қала мен елді мекенді су басып жатыр. Табиғи апат салдарынан 300 мыңға жуық адам үй-жайын тастап, қауіпсіз жерлерге көшті. Мыңдаған гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын су шайып, шаруалар зор шығынға батты.

Тілсіз жаудан ең қатты зардап шеккен Гуандун, Гуанси және Фуцзянь провинциялары. Бұл аймақтарда тасқын кезінде 38 адам көз жұмды. Тағы 20 шақты кісі із-түссіз жоғалып кетті. Бір ғана Пинъюань округінде 56 мыңға жуық тұрғын зардап шекті. 2 мыңнан астам үй қирап, тағы 3200-і зақымданды. Жұрт үдере көшуге ұмтылғанымен қызыл су елді мекендер мен қалалардан шығатын жолдарды бір түнде шайып көп қиындық туындады. Өңірде 82 бағытта жолдар жабылып, 356 шақырым асфальттің тас-талқаны шықты.

Ху Бо, Танши ауылының тұрғыны:

- Ештеңеге үлгере алмай қалдық. Әп-сәтте су кіріп келді. Содан бері бірнеше күннен бері ұйқы көрген жоқпыз. Құтқарушылар үлгере алмай жатыр. Көршілерімізбен бірге әрекет етіп қауіпсіз жерге шықтық.

Табиғи апат нөсер салдарынан болды. Жауын он күннен бері тоқтаусыз төпелеп тұр. Жарық жоқ. Қоршауда қалған кей ауылдарда азық-түлік пен ауыз су жетіспей жатыр. 30-ға жуық өзен-көл тасып, бойындағы он мыңдаған гектар егіс алқаптарын шайып кетті. Жылыжай, балық, бақа өсіріп отырған 452 шаруақожалығының тоғаны бұзылып, шарулар 1 миллиард АҚШ долларға жуық шығынға батты.

Линь Бинцю, шаруа:

- Неше жыл тұрсақ та мұндайды көрген емеспін. Еккен егіннен дым қалмады. Шығын көлемі орасан. Мен сияқты зардап шеккендер көп. Билік өкілдері санап біте алмай жатыр. Мына тоғанда бағып отырған бақаларым түгел суға ағып кетті.

Елде төтенше жағдай жарияланды. Орталық Қытайдағы Хунань провинциясында сел жүріп, 6 ауылды басып қалды. Бірнеше отбасы мүшелері табылмай жатыр. Шұғыл құтқару-іздестіру операциялары басталды. Құтқарушылар қарт адамдар мен балаларды қайық, тікұшақпен алып шығуда. Олар әлеуметтік және білім нысандарын уақытша паналауға мәжбүр.

Шэнь Пин, ауыл басшысы:

- Ең қатты зардап шеккен біздің аумақ. 4 ауылда жағдай күрделі. 159 шаруа қожалығы суға кетті. Өзеннің деңгейі 23 метрге дейін көтеріліп бөгеттерді бұзып су қалаға қарай ақты. Көшіп үлгергендер аман. Өзге тұрғындар көмек күтіп отыр. Жедел әрекет ету бюросы құтқарушылармен бірге қайық және арнайы құтқару кеудешелерін жібергенімен жеткіліксіз болып жатыр.

Жауын тоқтап, су деңгейі түскен аймақтарда ішінара қалыпқа келтіру шаралары басталды. Алайда синоптиктер жауын-шашын әлі бірнеше күнге созылатынын ескертті. Жүрегі шайлыққан халық үйлеріне оралудан бас тартуда. Қазір 100 мыңдаған адам уақытша баспаналарда күнелтіп жатыр.

Руслан Бақытбекұлы