Биыл әлемде бидай қымбаттайды

Биыл әлемде бидай бағасы қымбаттап, өнім көлемі 6%-ке төмендеуі мүмкін, деп хабарлайды 24kz.

«Бағаның өсуіне Ресейде мамыр айында жүріп өткен аяз себеп», - дейді, әлемдік сарапшылар. Ресей – бүгінде әлемдегі ең ірі бидай өндіруші ел. Сол себепті оның ішкі нарығындағы өзгерістер, әлемдік бағаларға өз әсерін тигізері сөзсіз.

Тек Ресей емес, ауа райының қолайсыздығынан бас елдердегі жағдай күрделене түскен.

 

Биыл Ресейде егін бітік шықпайды

Әлемде ең ірі астық экспорттаушы Ресейде биыл шаруаның жайы мәз емес. Ауа райының қолайсыздығынан бидай бітік шықпай жатыр. Көктемде көрсеткіш 94 миллион тоннаға жетуі керек еді. Алайда, Біріккен ұлттар ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы «биыл көрші ел астықты 10 миллион тоннаға аз бастыруы мүмкін», дейді. Оған себеп – көктемгі алапат су тасқыны. Ол аздай, мамырда күтпеген жерден күн суытып, үсік шалып, біраз өнім бүлінген. Ал, Ресейдің өзі биыл 132 миллион тонна астық жинауға ниетті. Бұл көрсеткіш кейінгі 2 жылмен салыстырғанда әлдеқайда аз. Мәселен, 2022 жылы 158 миллион, ал былтыр 145 миллион тонна астық жиналған. Ростов облысының шаруалары болса, биыл қуаңшылықтан өнімділік әдеттегіден 40%-ке аз болады деп ескертіп отыр.

Сергей Сасунов, «Рассвет» шаруа қожалығының бас агрономы:

- Кейінгі 10 күнде сынап бағанасы 50 градустан түсер емес. Соған қарамастан, астық жинау маусымында барынша өнім аламыз деген үміт бар. Дегенмен, көрсеткіш өткен жылдардағыдай жоғары болмайды.

 

Вьетнамда қуаңшылықтан кофе дақылы қурап жатыр

Вьетнамда қуаңшылықтан кофе дақылдары қурап жатыр. Бұл ел әлемде робуста сұрпының ең ірі өндірушісі ретінде танымал. Алайда, биыл күннің ыстығынан өнім әдеттегіден 20%-ке аз жиналды. Оның үстіне Қызыл теңіздегі текетірестер тауар тасымалын қиындатты. Ал, жеткізушілердің көбі робуста сұрпын осы теңіз арқылы тасымалдайды. Енді олар басқа бағыт таңдауға мәжбүр. Салдарынан шығын артып, бағасы қымбаттады. Бұл әлемдік нарыққа да әсер етеді. Мәселен, кейінгі бір жылда бұл кофенің құны 44%-ке өскен.

Доан Ван Танг, фермер:

- Бағаның өскеніне қуанудың орнына, қуаңшылықты ойлап, көңіліміз түсті. Өйткені баға өседі. Ал, өндіріс көлемі төмендейді. Ауа райы жиі құбылып тұрғандықтан, кіріс көлемін алдын ала болжау қиын. Әзірге шығынымыз көп болып тұр.

 

Әлемде жүгері қымбаттады

Бағаның шарықтауы демекші, жүгерінің де әлемдік бағасы көтеріліп кетті. Оған ірі экспортаушы елдердегі жағдай себеп. Бразилияны су басып, біраз өнім бүлінсе, алғашқы үштікке кіретін Аргентинада зиянкестер көбейген. Өйткені биыл қыс ерекше жылы болды. Салдарынан елдің солтүстігінде ғана пайда болатын зиянкестер өзге өңірлерде де кенеттен қаптап кеткен. Қазір бұл елде 10 миллион тонна жүгері жарамсыз боп қалды. Аргентина жыл сайын 60 млн тонна жүгері өсіріп, әлемдік экспортта 3-орын алатын. Мамандар шығын көлемі әлі де артады деп қауіптенеді.

Кристиан Руссо, «Росарио» ауылшаруашылық қаржы бөлімінің басқарма басшысы:

- Зиянкестер әдетте күн жылы кезде қаптап кетеді. Қазір болса, шілденің шіліңгір айында тұрмыз. Сондықтан біз мына зиянкестен енді құтылу екіталай сияқты.

Біріккен ұлттар ұйымының зерттеуіне сүйенсек, қуаңшылықтан жыл сайын 55 миллион адам зардап шегіп отыр. Ал 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш артуы мүмкін.