Түркияда АЭС салуға мыңнан астам қазақстандық атсалысып жатыр
Түркияда атом электр станциясын салуға мыңнан астам қазақстандық атсалысып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Қазір еліміздің мамандары халықаралық тәжірибені жан-жақты зерделеуде. Әлемдік деңгейдегі жобаға қатысып жатқан отандастарымызбен тілшіміз кездесіп қайтты.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Түркияның Мерсин аймағындағы «Аккую» атом электр станциясының құрылысы – әлемдегі ең ірі ядролық жобалардың бірі. Бұл жұмысқа 34 мың адам тартылған. Олардың ішінде мыңнан астам отандасымыз бар. Басшылық қызмет атқаратындар да кездеседі. Мәселен Нәзігім Ысқақова құрылысты қадағалау құжаттарына жауапты.
Нәзігім Ысқақова, «Аккую Нуклеар» АҚ құрылыс бақылау бөлімінің атқарушы құжаттама тобы бағытының басшысы:
- Мен бір жарым жыл бас маман болдым. Бастықтарым еңбегімді бағалап, сарапшы қызметіне тағайындады. Тағы бір жылдан кейін сала басшысы деңгейіне көтерілдім.
Нәзігім өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс мамандығын Алматыда оқыған. Түркияға жаңа мүмкіндік іздеп, халықаралық компанияда тәжірибе жинау үшін келген. Бірақ болашақта Қазақстанның атом саласын дамытуға өз үлесін қосқысы келеді.
Нәзігім Ысқақова, «Аккую Нуклеар» АҚ құрылыс бақылау бөлімінің атқарушы құжаттама тобы бағытының басшысы:
- Қазақстанның дамуы, оның ішінде медицина болсын, білім болсын, барлық сала алға басуы үшін энергия керек. Көп қуат өндіріп қана қоймай, табиғатымызды сақтап қалу маңызды. Дәл осы атом энергетикасы көмірқышқыл және парник газының шығындыларын азайтуға көмектеседі. Түркиядағы жобадан жинаған тәжірибемді Қазақстандағы атом саласын дамытуға жұмсаймын.
Жақында Нәзігім «Росатомның жыл адамы» атанды. Бұл атақ корпорациядағы мыңдаған қызметкердің ішіндегі үздіктерге ғана беріледі.
Нәзігім Ысқақова, «Аккую Нуклеар» АҚ құрылыс бақылау бөлімінің атқарушы құжаттама тобы бағытының басшысы:
- Әрине, мен әлі жас, оның үстіне Қазақстан азаматы болғаныма қарамастан осындай марапатқа ие болғаным қуантады. Бұл сыйлықты «Атомның Оскары» деп те атайды. Сондықтан бұл мен үшін өте маңызды жетістік.
Нәзігім «Аккую» жобасында болашақ жары Дмитриймен танысқан. Бүгінде жарасымды жұп Медина атты қызын тәрбиелеп отыр. Жас отбасы үшін бұл құрылыс мүмкіндіктер алаңына айналған. Қазақстанда атом саласын дамытуды олардың әріптесі Мадина Әбілдинова да армандайды. Ол осы жоба үшін Қарағандыдан отбасымен көшіп келген. Бөкетов атындағы университеттің түлегі бүгінде химиялық сараптамамен айналысады.
Мадина Әбілдинова, «Аккую Нуклеар» АҚ газ-май тобының химиялық талдау зертханашысы:
- Біз 2021 жылы жұмыс істеуге келдік. «Аккую» жобасы бізге шексіз мүмкіндік беріп отыр. Мұнда орасан зор тәжірибе жинадым. Жоба аяқталған соң бар білгенімді отандастарыма үйреткім келеді.
Қазақстандықтар туған топырақтан алыста жаңа дағдылар меңгеріп жатыр. Олар халықаралық компанияда жүріп түрлі қиындықтарды еңсеріп, күрделі тапсырмаларды орындауды үйренді. Отандастарымыз Қазақстанның атом қуатын бағындыруда үлкен мүмкіндігі бар екенін айтады. Сондықтан елге келе сала осы маңызды саланы дамытуға үлесін қосуға ниетті.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Томирис Біләл, Салауат Қожықов