19 тамыз – Дүниежүзілік гуманитарлық көмек күні
Әлемде гуманитарлық көмекке зәру елдер көбейді.
Геосаяси қақтығыстардың жиілеуі мемлекеттердің дамуына кері әсерін тигізері сөзсіз. Ресми дерекке сүйенсек, жер бетінде 350 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж. Алайда осы мұқтаж елдің бәріне бірдей көмек жеткізудің өзі үлкен тәуекел. Бұл ретте гуманитарлық көмек қызметкерлерінің тағдыры қыл үстінде екенін бірі білсе, бірі білмейді.
19 тамыз – Дүниежүзілік гуманитарлық көмек күні. Жалпы айтулы күннің мақсаты қандай? Гуманитарлық ұйым қызметкерлерінің қауіпсіздігі қаншалықты қорғалған?
БҰҰ гуманитарлық қызметкерлердің қауіпсіздігіне алаң
2023 жыл гуманитарлық қызметкерлер үшін ең қауіпті жыл болды. Табиғи апаттар жиілеп, қарулы қақтығыстар күшейіп кетті. Ресми дерек бойынша былтыр гуманитарлық ұйымдардың 595 қызметкері зардап шегіп, 280-і қаза тапқан, 224-і ауыр жарақат алған. Ал 91 адамның қайда екені әлі күнге дейін белгісіз. Биыл да көрсеткіш, артпаса кеміген жоқ. Әлемді алаңдатқан Газа секторының өзінде 10 айдың ішінде 300-ге тарта гуманитарлық қызметкер мен 350 дәрігер қаза тапты. Бұған қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі биыл жанжал аймақтарында жүрген гуманитарлық ұйым қызметкерлерін қорғау туралы қарар қабылдады. Өйткені Газадағы қызметкерлер қазасының көптігі – БҰҰ тарихында бұрын-соңды болмаған жайт.
Киаран Доннели, Халықаралық құтқару комитетінің вице-төрағасы: «Қақтығыс аймағында жүрген қызметкерлер көбіне қапыда көз жұмады. Олар үшін өз өмірінен гөрі өзгенің амандығы бірінші орында тұрады. Сондықтан олардың қауіпсіздігі халықаралық деңгейде қорғалуы керек. Олар қару алып күреспесе де, маңызды миссияларды орындайды»
БҰҰ: Қақтығыс алаңы гуманитарлық қызметкер үшін қауіпті
Халықаралық дәрежеде әлемге белгілі ұйымдар көп. Соның бірі – Шекарасыз дәрігерлер ұйымы. Тәуелсіз халықаралық медициналық гуманитарлық ұйым. 1999 жылы табиғи және техногендік апаттардан, қарулы қақтығыстардан зардап шеккендерге гуманитарлық қызмет және көмек көрсеткені үшін Нобель сыйлығының лауреаты атанды. 1971 жылы Парижде Нигериядағы қақтығыс құрбандарына көмек көрсету үшін құрылған ұйым Либерия, Руана, Ирак, Ауғанстан, Пәкістандағы қақтығыстар кезінде жанкешті жұмыс атқарған.
Никита Буланин, Шекарасыз дәрігерлер ұйымының қызметкері: «Ұйымның ең басты ұстанымы – адам өмірінің құндылығы. Алдымызға келген кез келген науқасты дініне, тіліне, ұлтына қарап бөліп жармаймыз. Әрқайсысының мәдениетіне, өмір сүру салтына құрметпен қараймыз. Ең бастысы – бізге олардың сенім артуы»
Әлемде гуманитарлық дағдарыс ушығып тұр
Қазір әлемде гуманитарлық дағдарыстың ушығып тұрған кезі. Әсіресе Африканың 20-дан астам елі, Сирия, Ауғанстан да ахуал күрделі. Биыл осы елдерге көмек жөнелту үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы 46,4 миллиард АҚШ доллары қажет деп отыр. Алайда биылғы көмек көлемі былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда аз. Мәселен, былтыр 56,7 миллиард АҚШ доллары қаражат жұмсалған.
2003 жылы осы күні Бағдадтағы БҰҰ-ның штаб-пәтерінде жарылыс салдарынан 22 адам қаза болды. Алғаш рет 2009 жылы атап өтілген Дүниежүзілік гуманитарлық көмек күні өзгені құтқару барысында көз жұмған адамдарды еске алуға арналды.