Бразилияда Х әлеуметтік желісі бұғатталады
Бразилияда бұрынғы Twitter, қазіргі Х әлеуметтік желісінің жұмысы бұғатталады.
Тиісті шешімді Жоғарғы сот шығарды және ол бір тәулік ішінде іске асырылуы тиіс. Google мен Apple компаниялары 5 күн ішінде өз дүкендерінен бұл қосымшаны алып тастауға міндетті. Ал тұрғындар әлеуметтік желіні VPN арқылы қолданбақ болса, күніне 50 мың реал айыппұл төлейді. Бұл біздің ақшамен 4,5 миллион теңге шамасында. Бразилия билігі Илон Масктың әлеуметтік желісін өшпенділік пен нәсілшілдік сипаттағы пікірлер таратып, сайлауға араласты деп айыптап отыр. Сосын сот жалған ақпарат жария ететін аккаунттарды бұғаттаудан бас тартқаны үшін 3 миллион доллардан аса айыппұл салды. Енді платформа сот ұйғарымдарын орындап, айыппұл төлемейінше Бразилиядағы қызметіне рұқсат етілмейді.