Түркі жұртына ортақ әліпбидің маңызы неде?
Түркі жұртына ортақ әліпби қабылданды.
Бұл бауырлас халықтардың тілдесуі мен өзара түсінісуін барынша жеңілдетеді дейді мамандар.
Алайда оның қазақ тіліне әсері қандай болмақ?
Түркі мемлекеттері арасындағы тілдесуді одан әрі жетілдіру мақсатында ортақ әліпби қабылданды. Осылайша түркі әлемі тіл бірлігіне қадам басты. Бұл қарпі мен сөздері ұқсас, мағыналас халықтардың бір-бірін аудармашысыз, еркін түсінуіне жол ашып, жалпы оң әсерін берері даусыз деп отыр тіл мамандары.
Ерден Қажыбек, түрколог, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі:
- Сөздер бірдей болса, мағыналары бірдей болса, мүмкіндігінше бірдей жазайық оларды деген мақсат. Сонда біздің санымыз да көбейеді, сапамыз да өседі. Және әлемдегі түркі елдердің қара шаңырағында отырған геосаяси, мәдени салмағы ауыр қазақтың өзінің тарихи миссиясын орындауға, бастарын қосуға, оларды ұжымдастыруға әлеуеті күшейеді. Осындай бір үлкен мағынасы бар.
Алайда жазу ауыстыру соншалық оңай нәрсе емес, яғни шаруа жай әріп алмастырумен бітпейді. «Себебі қаншама әдеби мұрамыз бен ғылыми еңбектерді өзгерту керек болады», - дейді филология ғылымдарының докторы Орынай Сағынғалиқызы.
Орынай Жұбай, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының докторы:
- Бастан аяқ түбегейлі көшіп кету оңай болмайды. Сондықтан оған өте байыппен, асықпай, сабырмен қараймыз. Біз осы мұрамызды жоғалтып алмаймыз ба, бұрынғы дүниеміздің несі артық еді, несі кем еді. Осы уақытқа дейін ғалымдардың пікіріне, әсіресе Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсын секілді ғалымдар пікірін тағы да қарауымыз керек.
Түріктерге ортақ әліпби 1991 жылы бекітілгені мәлім. Күні кеше ғана сол нұсқаға бірқатар өзгерістер енгізіліп, 34 әріптен тұратын жаңа үлгі таныстырылды. Алайда бастапқы нұсқа да кезінде көптеген ғалымның қолдауын тапқаны белгілі. Осы орайда оны ауыстыру қаншалықты қажет деген мамандар пікірі де бар.
Қаламқас Қалыбаева, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры:
- Жаңа әліпби қабылдау үшін, алдымен оның кемшілігін анықтау керек еді. Меніңше, соның көзге көрінетін кемшілігін айтқан ғалымдарды түркологиялық деңгейде естіген жоқпыз. Талдағанын естіген жоқпыз. Кемшілігін айтқанын естіген жоқпыз. Ал егер кемшілік болмаған жерде оны ауыстырудың қаншалықты қажеттілігі болды екен. Міне осындай көптеген сұрақтар туындап тұр.
Түркі жұртына ортақ әліпби құрастыру мәселесі өткен ғасырдан бері созылып келеді. Әр уақыттағы басты проблема қаріптердің бірдей таңбаланып, дыбысталуын орайластыруда болды дейді мамандар. Жаңа жоба түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде талқыға салынбақ. Қабылданған жағдайда ұйымға мүше елдердің парламенттеріне ұсынылады.
Авторы: Мөлдір Молдағали