Ливаннан қашқан босқындар Сирияға барды
Сирияға кейінгі бірнеше күнде шекаралас Ливаннан 30 мыңға жуық адам бассауғалап келді.
Осы елдің қауіпсіздік Күштерінің мәліметіне сәйкес, олардың 80 %-ы өз отанына оралған сириялықтар, қалғаны Ливан азаматтары. Тағы жүздеген кісі Джеидат-Ябус бақылау-өткізу бекетінде шекарадан өту үшін кезек күтіп тұр. Сирия билігі болса келушілерді қабылдау үшін бақылау пунктілерін медициналық құралдармен жабдықтап, жедел жәрдем көліктерімен қамтамасыз етті. Елге кіру жүйесін де жеңілдетіп, бірнеше қалада уақытша баспана ұйымдастырды. Айта кетейін, Израильдің Ливанды үздіксіз атқылауынан берекесі қашқан жұрт көрші елге пана іздеп келген.
Абу Хусейн, Ливан азаматы:
- Израиль – ненің дұрыс екенін білмейтін нағыз басқыншы. Ол Баалбек қаласын, оңтүстік аймақтарды, таулы өңірлерді де атқылап, қаруы жоқ балалар мен әйелдерге шабуылын үдетті. Олар ешкімді аяп жатқан жоқ, халықаралық деңгейде тыйым салынғанына қарамастан, әр түрлі жолмен соққы жасауда.