Reuters: Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінің дамушы секторына сүйенеді
Әлемде уран өндіруден жетекші ел Қазақстан қоршаған орта үшін аса зиянды көмір жылу электр стансаларынан біртіндеп бас тартып, атом энергетикасын дамытуға ұмтылуы қисынды шешім.
"Рейтер" халықаралық ақпарат агенттігі мемлекетімзде өткен рефрендум жайлы хабарлай келе, осылай деп жазды. Агенттіктің айтуынша, АЭС экономиканың дамуына жақсы ықпал етеді.
The Diplomat: АЭС салу Қазақстан үшін тиімді
The Diplomat халықаралық журналы да еліміздегі маңызды саяси іс-шараға көлемді мақаласын арнады. Онда басылым атом электр стансасын салу Қазақстан үшін тиімді деп атап өтті. «АЭС құрылысы жаңа жұмыс орындарын ашуға, экономиканың сабақтас салаларының өсуіне жол ашады», – дейді. The Diplomat сарапшыларының пікірінше, қазір әлемде 200-ге тарта АЭС бар және Қазақстан сол қатарға қосылуға толық мүмкіндікке ие.
Nikkei Asia: Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жетуге ниетті
Жапонияның Nikkei Asia ақпарат агенттігі де еліміздегі референдумға көңіл бөлген. Ол Қазақстан ескірген энергетика қуатын жаңартуға ниетті. Бұл 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жету үшін қажет дейді. Nikkei-дің жазуынша, Жапония, Қытай мен Франция Қазақстанда АЭС тұрғызуға әзір және оның қуаты көлемі Алматыдай болатын 4 қаланы қамтамасыз етуге жетеді. Агенттік сондай-ақ Demoscope зерттеу орталығы жүргізген сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 60 пайыздан астамы АЭС құрылысына қолдау білдіргенін атап өткен.
DW: Қазақстанда АЭС жоқ, бірақ әлемдегі ең ірі уран өндіруші
Германияның «Дойче Велле» халықаралық телерадиокомпаниясы да халқымыздың талқыға салған мәселе жайына тоқталды. Танымал неміс ақпарат көзі Қазақстанның өз АЭС-ы жоқ, бірақ әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет, ал референдум осы саламен қатар елдің энергетика секторына оң ықпал етеді деп пайымдайды. «Себебі Қазақстан мұнайға бай, әлемдік уранның жартысын өндіргенмен электр қуатына зәру. Өйткені көмір және су электр стансалары жеткілікті энергия өндіре алмайды», – дейді.
Eurasianet: Референдум Қазақстандағы атом энергетикасының болашағын айқындайды
Ал белді америкалық Eurasianet талдау агенттігі: "Референдум Қазақстандағы атом энергетикасының болашағын айқындайды" деп жазды. Басылым: «Кейінгі кезде қазақ елінде электр қуатына деген сұраныс едәуір көбейді, бұған Өзбекстан мен Әзербайжанның Батыс нарыққа энергия экспорттау жоспарына қосылуы себеп», – дейді.
Авторлары: Ернат Рахметолла, Фариза Жанғанаева, Жұлдыз Атагелдиева