АҚШ-тың 13 штаты TikTok-ты сотқа берді
TikTok платформасының басы тағы дауға қалды.
Бүгін АҚШ-тың бірнеше штаты компанияға жаңа айыптар тағып, кезекті рет сотқа берді. Алдағы уақытта әлеуметтік желіні АҚШ аумағында қолдануға шектеу қойылуы мүмкін.
Талғат Алманов, тілші:
- Бүгін АҚШ-тың 13 штаты мен Колумбия округі TikTok-ты сотқа берді. Мәселенің барлығы әлеуметтік желінің алгоритімінде. Прокурорлардың айтуынша платформаның дофамин бөлдіретін
алгоритмі балалардың психикалық денсаулығына зиян келтіріп, депрессия мен дисморфияға әкелуі мүмкін деген бірнеше айып тағылып отыр. Колумбия округінің бас прокуроры Брайан Швальб TikTok-ты цифрлық никотинге теңеп, компанияның басты мақсаты жастарды тәуелді етіп, сол арқылы қыруар пайда табу деп айыптады.
Брайан Швальб, Колумбия округінің прокуроры:
- TikTok балаларды күні-түні экранға телміртіп, оларды тәуелді етуді көздейді. Бұл платформа жастар мен балаларға орасан зор зиян келтіреді. Компания мұндай заңсыздықты, виртуалды заңсыз ақша өндіруді дамытып отырғанын жақсы біледі. Бірақ соған қарамастан компания басшылығы көз жұмып отыр.
TikTok-тың ресми өкілі Майкл Хьюз мұндай айыптаулармен келіспейтінін айтып, қосымшада кәмелетке толмағандар үшін шектеулердің барын айтты. Ол өз сөзінде екі жылдан астам уақыт америкалық прокурорлармен бірлесіп жұмыс істеуге тырыстық деді. Бірақ АҚШ тарапы бірлесе жұмыс істеп, мәселелні шешудің орнына бізді сотқа берді деді ол. Жалпы бұл айыптаулар 2022 жылдың наурыз айында басталған ұлттық тергеудің нәтижесінде пайда болды. Ол уақытта тергеуді Калифорния, Кентукки және Нью-Джерси сияқты бірнеше штаттың қос партиядан тұратын бас прокурорлар коалициясы бастаған еді.
Талғат Алманов, тілші:
- Егер қосымшаны АҚШ аумағында қолдануға тыйым салынса, компания 170 млн-ға жуық қолданушысынан айырылады деген қауіп бар. Жалпы соңғы бір жылда TikTok АҚШ үкіметі мен прокурорларының тарапынан үлкен қысымға ұшырады деуге болады. Сәуір айында Конгресс қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі бұл қосымшаны сатпайтын болса, қаңтар айында TikTok-қа бүкіл АҚШ аумағы бойынша тыйым салатын заң қабылдады. Сондай-ақ, тамыз айында, құзырлы органдар компанияға балалардың жеке ақпараттарын сақтау заңдарын бұзды деген айып тағып, оны сотқа берді. Демек TikTok-тың АҚШ-тағы болашағы бұлыңғыр күйде қалып отыр.