Түркия ливандық босқындарды қабылдайды

REUTERS

Түркия Ливаннан келген босқындарды қабылдауға әзір, деп хабарлайды 24KZ. Режеп Тайип Ердоған Ыстамбұлда Германия канцлері Олаф Шольцпен келіссөзден кейін осылай деп мәлімдеді. Сөйтіп, Түркия президенті босқан жұртты қанатының астына алмақ. Ердоған: «Анадолы жері соғыстан жапа шеккен халықтарға 13 жылдан астам уақыттан бері пана болып келеді», – дейді.

Түркия көмекке мұқтаж халықтарға қол ұшын беруге әркез дайын. Әлемдегі ең көп босқын қабылдаған елдердің бірі ретінде халықаралық қауымдастықпен ынтымақтасып, мәселені шешуде белсенді атсалысып келеді. Президент Режеп Тайип Ердоған неміс канцлерімен бас қосуы барысындай осылай деді.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Сириядан бірінші бізге шамамен 4 миллион босқын келді. Қазіргі уақытта елде 3,5 миллионға жуық сириялық босқын өмір сүреді. Олар үшін есігіміз әрқашан ашық және ашық болып қала береді. Ливаннан босқындар келсе, біз  олар үшін де есігімізді ашық ұстаймыз. Ливанда түрікмен бауырларымыз да тұрады, оларға да есігіміз ашық.

 

Ливанның әр бесінші тұрғыны босқынға айналды

Израильдің үздіксіз шабуылы елдің зәре құтын алып бітті. Қарапайым халық оққа ұшып жатыр. Елдегі 5 миллион адамның әрбір бесінші тұрғыны қазірдің өзінде босқынға айнаған. Ливанда жағдай күннен-күнге қиындап барады. Қарапайым халық тұрмақ БҰҰ-ның бітімгерлері де шабуылға ұшырады. Израильдің бұл әрекетіне Батыс елдері үн қатқан жоқ.

Филиппо Гранди, БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары:

- Мен донорларға осы жағдайға көмек болу үшін қаражат жинау науқанын бастаймын. Бізге қазіргі уақытта және алдағы айларда бұл мәселемен айналысу үшін қомақты қаражат қажет.

Ливандық босқындардың көбі Сирия мен басқа да көршілес елдерге қашып жатыр. Қазір әсіресе ресми Дамаск билігіне қосымша ауыртпалық түсіріп тұр. Солардың бірі 24 жастағы Зайнаб Мурад отбасымен бірге Ливанның шығысына жасалған Израиль шабуылдарынан қашып шыққан. Зайнаб сияқты көптеген ливандықтар қазір уақытша Дамаскідегі жасақталған баспаналарда тұрып жатыр. Онда тек шектеулі азық-түлік пен медициналық көмек қана беріледі.

Зайнаб Мурад, ливандық босқын:

- Біз үшін қараңғы түн болды. Бейберекет бомбалаулар басталды. Бізде балалар бар, олар қатты қорқады, сондықтан үйімізді тастап, қауіпсіз жерге баруға мәжбүр болдық. Біз мұнда тек киім-кешек алып келдік. Бізде пеш те, тамақ дайындайтын құрал да жоқ. Киімдерімізді қолмен жуамыз, ал азық-түліктен не берілсе, сонымен тамақтанамыз.

Абдұлнасер Хатыб, баспана жетекшісі:

- Біз 13 жыл бойы санкциялар астында келеміз. Су, жанармай, азық-түлік және балаларға арналған сүт ұнтағын қамтамасыз етуде қиындықтарға тап болып отырмыз. Мұндағы адамдар әлі де жазғы киімдермен жүр, ал қыс жақындап келеді. Қыстық киімді қайдан аларымызды білмейміз.

Таяу Шығыстағы қақтығыстар басталғаннан бері бір миллионнан астам адам Ливандағы үйін тастап қашып шықты. Соңғы бір айда Сирияға 470 мыңға жуық адам өткен. Ливанда қазір қаза тапқандар саны 2,5 мың, ал жараланғандар саны 11 мыңнан асты.