Африка елдерінде мектеп тапшылығы мәселесі өткір тұр
Әлемде шамамен 72 млн-нан астам бала мектепке бармайды. 800 млн-ға жуық ересектің сауаты жоқ, қалыпты өмір сүру үшін қажетті білім алмаған. Мұндай деректерді Humanium ұйымы келтіріп отыр, деп хабарлайды 24kz.
Құрылым өкілдері білім беру қолжетімсіздігін көп елде мектеп жетіспеушілігімен және ғимараттардың талапқа сай жабдықталмауымен байланыстырады. Мектеп тапшылығы мәселесі әсіресе, Африка елдерінде өткір тұр. Ал, Азия мен Еуропаның кей өңірлерінде білім ұяларының инфрақұрылымдары талапқа сай емес.
Нигерияда шамамен 10,5 млн бала мектепке бармайды. Бұл – әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш. Өйткені мұнда мектеп жасындағы бала саны тым көп, ал оларды оқытатын білім беру мекемелері тапшы. Бұдан бөлек, оқу орындары дұрыс жабдықталмаған, әбден тозығы жетіп, жарамсыз күйге енген. Мекемелердің қауіпсіздігі мен ғимарат сапасының сын көтермеуі түрлі оқыс жағдайларға әкеп соғуда. Таяуда Нигерияның Джос штатында мектеп ғимараты құлап, 22 бала қайтыс болды. Үкімет білім беру қолжетімділігін арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырып жатқанына қарамастан мектеп әлі де жеткіліксіз. Сарапшылар мұны қаржыландырудың тапшылығымен және үздіксіз жалғасып жатқан қарулы қақтығыстарға байланысты мектеп құрылысын жүргізу мүмкін болмауымен байланыстырады.
Оңтүстік Африкадағы мемлекет Малавиде де білім беру жүйесі дұрыс жолға қойылмаған. Өйткені инфрақұрылым дамымаған, балалар тозығы жеткен ғимараттарда оқуға мәжбүр. Мектеп жетіспеушілігі салдарынан әр сыныпта 130-дан астам бала оқиды. Бірақ олардың көбі бастауыштан кейін мектепте білімін жалғастырмайды. Өйткені қызмет құны тым қымбат, көп отбасының материалдық жағдайы көтермейді. Бұл жастағы балалардың 8%-і ғана орта мектепті бітіріп шығады.
Бельгия мектептерінде орын тапшы
Мектеп ғимаратының жетіспеушілігі Еуропа елдерінде де өзекті. 2018 жылғы ресми мәліметке сәйкес, Бельгияда 3 мыңға жуық мемлекеттік білім беру орындары тіркелген. Жыл сайын демографияның артуы есепті мектеп табалдырығын аттайтын бала саны да едәуір артқан. Бірақ мектептерде орын тапшы. Кей білім беру орындары ескіріп, тозған. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Мектеп тапшылығы мәселесі әсіресе, Брюссель мен Фландрияда байқалады.
Тәжікстанда мұғалім жетіспейді
Тәжікстан демографиясының кейінгі бірнеше жылда 10 млн адамға өсуі мектепте бала санының артуына әкелді. Былтыр жаңа оқу жылында мектепке 2 млн 200 мың оқушы аяқ басқан. Үкімет жыл сайын мектеп құрылысын арттырып, білім беру нысандарын қолданысқа бергенімен, мектеп әлі де тапшы. Оған қоса, мұғалім жетіспейді. Сарапшылар елдегі педагог тапшылығын экономикалық тоқырауға байланысты эмиграциямен байланыстырады.
Авторы: Фариза Жанғанаева