Жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салу талқыланып жатыр
Австралияда жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салу мәселесі талқыланып жатыр.
Үкімет тарапынан көтерілген бастама халық арасында түрлі пікір мен алаңдаушылық тудырып отыр.
Әлеуметтік желілерге тыйым салу балаларды онлайн өмірдегі қауіп пен буллингтен қорғайды. Сондай-ақ жеткіншектердің шынайы өмірде өзге адамдармен қарым-қатынас құруына септігін тигізеді. Бұл Австралия билігінің пікірі. Десе де, әзірге нақты қай жастағы жасөспірімдердің әлеуметтік желіге кіруіне шектеу қойылатыны белгісіз. Болжам бойынша билік өкілдері 14 пен 16 жас аралығындағы жасөсіпірімдерге тыйым салады. Бірақ балалар қазіргі жаһандану заманында мұндай шектеу оқшауда қалумен бірдей деп есептейді. Бұдан бөлек балаларды онлайн өмірден алшақтату қажетті әлеуметтік қолдаудан, туған-туыстармен қарым-қатынас құрудан айырады деген пікір де бар.
Бен Киоко, жасөспірім:
- Аутизммен ауыратын адам ретінде мен басқа адамдармен қарым-қатынас жасауда үлкен қиындықтарға тап боламын. Ал интернеттегі қарым-қатынас бұл процесті әлдеқайда жеңілдетеді, стрессті азайтады. Әлеуметтік желінің көмегімен араласуға болатын адамдар қатарын да көбейте аламын. Мәселен, мектепте басқа адамдармен сөйлесуіңнің жалғыз себебі – сендердің сол жерде бірге болуың ғана. Ал интернетте өзіңе ұқсас қызығушылығы бар қолданушылармен байланыс орнатып, жаңа тәжірибе ала аласың.
Лора Сетон, жасөспірім:
- Әлеуметтік желілерде мені шынымен шабыттандыратын, көшеге шығып, белсенді болуға ынталандыратын жақсы инфлюенсерлер бар. Мен өзіме: «мүмкін мен сыртқа шығып, жүгіріп, итпен серуендесем, дофамин немесе адреналин бөлініп, өзімді бақыттырақ сезінемін» деп ойлай бастаймын. Әлеуметтік желілерді пайдалану – тек парақшаларды ақтару ғана емес.
Reuters мәліметі бойынша Австралияда жасөспірімдердің шамамен 97%-ы орта есеппен төрт онлайн платформаны пайдаланады. Осыған байланысты бұл елдің жастары қарым-қатынас құруда әлемдегі ең белсенді қоғам саналады. Сондықтан әлеуметтік желі жасөспірімдерге тигізер зияны көп болғанымен, оған тыйым салу мәселені толық шешпейді дейді сарапшылар.
Джастин Хамфри, Сидней Университетінің цифрлық мәдениет, медиа және коммуникация бойынша аға оқытушысы:
- Әлеуметтік желіге тыйым салу – дұрыс шешім емес. Жасөспірімдердің проблемаларын шешудің түрлі жолы мен тәсілі бар. Ең алдымен бізге «жасөспірімдер» деген санатқа кімді жатқызатынымызды түсініп алу керек. Мәселен, 15 жасқа дейінгі балалардың онлайн платформаларды пайдалануы, 15-17 жас аралығындағы балалармен салыстырғанда мүлдем басқа. Қазіргі балалардың жасы мен шыққан тегіне байланысты олардың жетілу деңгейі де әртүрлі.
Франция, Ұлыбритания және Американың кей штаты әлеуметтік желі пайдаланушылардың жасын тексеруді қолға алған. Дегенмен, әлемнің бір де бір елі интернет платформаларды пайдалануға жас шектеуін енгізу жобасын сәтті іске асыра алған жоқ. Егер Австралияда бұл заң қабылданса, ол әлемдегі бірінші ел атанады.
Динара Орынтай