Әлем елдерінде алимент төлемегендерге қатаң заң қолданылады

Алимент мәселесі әлем елдерінде де өзекті.

Борышкерлерге қатысты қолданылатын жазаның да сан түрі бар. Мәселен, Еуропада алимент төлеуден жалтарғандарды 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Cондай-ақ бірқатар мемлекетте алимент төлеуден жалтарғандарға қатысты заң қатаң.

Францияда алименттен жалтарған ата-аналарға 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Сонымен қатар олар 15 мың еуро көлемінде айыппұл төлейді. Заңға сәйкес, алимент төлеуші адам тұрғылықты мекенжайы немесе қаржылық жағдайы өзгерсе, дер кезінде тиісті органдарға хабарлауға міндетті. Ұмытқан жағдайда 6 айға дейін темір торға қамалып, 7,5 мың еуро айыппұл төлеуі тиіс. Қазірде Францияда алиментке арналған бірыңғай платформа бар. Соның көмегімен арнайы агенттік берешектерді жинап, алимент алушыларға жолдайды. Егер кімде-кім төлем жасамаған болса, мемлекеттік орган бірден шара қабылдайды. Десе де, заңның қатаң болғанына қарамастан, Францияда алименттің 30-40 пайызы уақытылы төленбейді.   

Бельгия

Ал Бельгияда жауапсыз ата-аналарға жаза жеңіл. Тек жүргізуші куәлігінен айырылумен шектеледі. Тіпті 50 де 50 жүйесі арқылы алимент төлеуден түбегейлі құтылуға да болады. Ол үшін бала апта сайын  кезек-кезек әкесімен де, анасымен де бірдей уақыт өткізуі қажет. 

Оңтүстік Корея

Ал Оңтүстік Кореяда баласынан безіп, бір жыл бойы алимент төлемегендерге 8 мың доллар айыппұл салынады. Шекара асуына тыйым салынып, бір жылға дейін түрмеге қамалады. Оңтүстік Кореяның Гендерлік теңдік және отбасы министрлігі өз сайтында жыл сайын алимент төлеуден жалтарып жүргендердің жеке мәліметін жариялап отырады. Ата-аналар өз балаларының алдындағы қарызын өтемейінше, бұл дерек өшірілмейді. Тек борышкерлер қайтыс болғанда немесе қарызын өтеген жағдайда ғана жойылады. Өйткені, Оңтүстік Кореяда жұмысбасты аналар көп. Сағаттың көптігі мен қауырт жұмыстан отанасы отбасы жайына бас қатырмайды. Әрі өзін-өзі асырай алатындай жалақысы да мардымды. Бала туу көрсеткішінің де кейінгі жылдары күрт төмендеп кеткені содан.  

Түркияда ерлі-зайыптылар ажырасса, сот көп жағдайда баланы әкесімен қалдырады. Өйткені отбасын асырау міндеті әкеге жүктеледі. Түркия азаматы баласының бар қажетін өтеуге міндеттеледі. Балаға төлейтін алимент мөлшері – айына 100 бен 1000 доллар аралығында. Сондай-ақ тек балаға ғана емес, анаға да алимент төленеді. Мәселен, ажырасқан еркек әйелі екінші рет тұрмысқа шыққанша алимент төлеуге міндетті. Ал, төлемегендері 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Абақтыдан мерзімінен бұрын босау үшін алиментті толық төлеуі қажет. Бар жауапкершілік өз мойынында болғандықтан ер адамдар бірінші отбасының, баласы мен әйелінің жағдайын жасауды ойлайды. Сондықтан болар, Түркияда ажырасу аз кездеседі.   

Фариза Жанғанаева