Ресейде есірткімен ұсталған қазақстандықтар көбейіп барады

Ресейде есірткі тасымалдағаны үшін ұсталып, сотталған қазақстандықтар саны көбейіп барады, деп хабарлайды 24kz.

Бүгінде Ресей түрмесінде 72 адам отыр. Олардың ісі Қазақстан дипломаттарының назарына алынған.

Дана Нұржан, тілші:

- Надежда Попеску бір айлық сәбиін анасына қалдырып, Жезқазғаннан Ресейге есірткі тасымалдаушы болу үшін келіпті. Жеңіл жұмыс, жақсы айлық деген жарнаманы ОLХ сайтынан көріп, кейін WhatsApp арқылы белгісіз біреумен жұмыс туралы келіседі. Ресейде есірткі тасымалдаумен айналысатынын Надежда басынан-ақ білген.

Надежда Попеску:

- Куратордан «ұсталып қалсам шедеп сұрадым. «Құтқарып аламын», - деп сендірді, «ешбір қауіп жоқ», - деп жазды. Красноярскіге келдім. Ол маған есірткі қайда екенін жазып, үйге алып кел де, түйіншекке бөліп ал деді. Бірер күннен кейін далаға есірткіні жасыруға шықтым. Сол кезде полиция ұстап алды.

Красноярскіге Тараздан келген Раиса есірткі тасымалдау әдістерін бұрыннан білген, Алматыда тұрған кезінде осы іспен айналысыпты. «Несиелерімді төлеу үшін амалсыз заңсыз әрекетке бардым», - дейді ол.

Раиса Табылдиева:

- Қазақтың салт-дәстүрі бойынша ұзату той жасаймын деп несие алдым. Жасауымды дайындаймын деп тағы да қарызға кірдім. Күйеуіммен бір жыл тұрып, ажырастым. Ал, кредитім мойнымда қалды. «Ресейге келсең, ақшаны көп табасың» дегенге сеніп қалдым. Қазақстанда клиентке арналған бір қорапты жасырғаның үшін 200 рубль төлесе, Ресейде құны 500 жүз рубль. Осында келіп, бір ай есірткі тасымалдаумен айналыстым, елге қайтамын деген кезде ұсталып қалдым.

Дана Нұржан,тілші:

- Красноярск өлкесінде есірткі курьерлері көбіне героинмен ұсталады. Мұндай көлем үшін тасымалдаушы кем дегенде 8 жылға сотталады, ал бұл ауыр қылмыс санатына жататындығы дәлелденсе, мысалы, көлемі үлкен, қылмыстық топтың құрамында болғандығы анықталса, жаза қатаңдатылады, яғни 20 жылдан бастап, тіпті өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қылмыстық торды ұйымдастырушылар есірткі тасымалдауға көбінесе жасы отыздан аспаған, нашақор емес, ақшасы мен жұмысы жоқ жастарды тартады.

Денис Степанов, Красноярск өлкесі бойынша Есірткі айналымын бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- Былтыр Қазақстанның 12 азаматын ұстадық. Биылғы жылдың алғашқы алты айында тоғыз адам тұтқындалды. Олардың барлығы есірткі тасымалдағаны үшін сотталды. 2024 жылы қамауға алынғандардан тәркіленген есірткінің жалпы салмағы бір келі.

Қазақстанның Ресейдегі елшілігі қамауға алынған отандастарымызға  қолынан келген көмегін көрсетіп жатыр. Заңгерлік кеңестер беріп, сотталғандарды қазақстан түрмелеріне  ауыстыруға жәрдемдеседі. Әрбір іске ерекше назар аударып, бақылауға алады. Бүгінде 72 адам елшіліктің көмегіне жүгінген екен.

Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі:

- Елшілік, консулдық, бас консулдықтар міндетті түрде біздің азаматтарымызға көмектесеміз. Бірақ заңды бұзған кезде, Ресей Федерациясының заңын бұзған кезде, ұсталған кезде, оның бәрі дәлелденгеннен кейін міндетті түрде ол азаматтарымыз тұтқындалады. Жастарымызға, олардың ата-аналарына айтатынымыз: өте мұқият қарау керек, кай жаққа бара жатырсыздар, не істеп жатырсыздар. Ол бір жағынан. Екінші жағынан, Ресейге келсеңіздер, бұл жақтың заңын білу керек, оны бұзбау керек.

Есірткі тасып, жеңіл ақша табамын деп Ресейге келгендердің тағдыры ұқсас: ұзақ жылдар бойы шетелде тар қапаста күн кешуден басқа жол жоқ. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің айтуынша, Қазақстандық төлқұжаты бар есірткі тасымалдаушылардың дені Ресейге келгеннен кейін бір айдың ішінде қамауға алынады.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров