Әлемде 240 млн бала мектепке бармайды

Әлемде әр бесінші баланың білім алу құқы шектелген.

Оған кедейлік, көші-қон, тіл, дін және этникалық бөлінулер себеп. Әсіресе, мүгедектігі бойынша оларға оқу-білім қолжетімді болмай тұр.

Мұндай ерекше балалардың саны жер шарында 240 млн-ға жуықтайды. Шамамен 80 пайызы дамушы елдерде өмір сүреді. БҰҰ-ның кейінгі дерегі осындай. Мейірімге мұқтаж балалардың көбі физикалық, психикалық қиындықтарға байланысты білім беруде кедергілерге жиі тап болады.

Кей дамыған елдер инклюзивті білім беру жүйесін енгізіп, игілігін көріп отыр. Ал дамушы елдерде бұл мәселенің күрмеуі шешілмей тұр.

Әлемде 240 млн бала мектепке бармайды

Әлемде тағдыр маңдайдан сипамаса да, қоғамның қолдауына мұқтаж миллиондаған бала бар. Олар қамқорлыққа зәру, әріп танып, сауат ашуға құқылы. Өкінішке қарай, мұндай топтағы 120 млн бала жазу-сызуды білмейді. Олардың көбі – қыз бала. Әсіресе, дамушы мемлекет пен қара құрлықтағы біраз елде жүйеге инклюзивті білім беру енгізілмеген. Сол себепті бұл әдіс әлі күнге кенже қалып тұр. Өйткені мұндай мемлекеттерде ерекше балалардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін ресурстар мен инфрақұрылым жеткіліксіз.

ЮНИСЕФ ұйымы жүргізген зерттеуге сәйкес, Батыс Балқандағы Косово, Черногория, Солтүстік Македония мен Сербияда мүмкіндігі шектеулі балалардың құқы жиі тапталады. Қоғам оларды кемсітіп, бөлектеуге бейім. Сол себепті бұл балғындар қоғамнан өзін алшақ ұстайды, оқудан қол үзіп, мектепке бармайды. Мұндай жағдай Черногория мен Солтүстік Македонияда жиі байқалады. Ал Косовода ерекше баланың оннан біреуі ғана әріп таниды екен. Осы тенденцияны жою үшін Батыс Балқанның барлық төрт елі инклюзивті білім беру реформасын біртіндеп енгізе бастады.

Инклюзивті білім беру Финляндия, Норвегия, Дания елдерінде басым қолдауға ие. Мұнда мүгедек балалар жалпы оқыту жүйесіне қосылған. Мектепте олардың қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі. Ал Канада мен АҚШ-та осал топтағыларды оқытуға арналған арнайы заң бар. Ол балалардың жеке оқу жоспарын құрып, оларды мектепке қосу үшін арнайы қызметтер ұсынуды міндеттейді. Жапония мен Оңтүстік Корея да инклюзивті білім беруге ерекше ден қойған. Арнайы бағдарламалар арқылы мүгедек балаларды жалпы сыныптарда оқытуды мақсат етеді.

Финляндия инклюзивті білім беруге бейімделген

Инклюзивті білім беру жүйесі ең озық ел – Финляндия. PISA халықаралық студенттерді бағалау бағдарламасының зерттеуі осындай. Мұнда мектеп жасындағы 43 мыңнан астам мүгедек бала бар. Білім беру жүйесі әр баланың шектеулі мүмкіндігіне қарамастан толық білім алуына жағдай жасайды. Қалай дейсіз бе?

Алғашқысы – ата-ана мен оқытушы арасындағы байланыс. Әр балаға лайықталған жеке педагогикалық жоспар аясында ата-ана мен мұғалім жылына бірнеше рет кездеседі. Мұнан соң финдік тәсіл балаларды оқытуда қамқорлықты басты назарға қояды. Бұл сабақ барысында жылы сөз айтып, құшақтау, киімін ауыстырып, тамақтандыру сияқты қарапайым әдістермен өлшенеді. Ерекше балаларға қажеттілігіне қарай көмек көрсетіледі.

Үшіншісі, фин мұғалімдері сабақ барысында ойынға баса назар аударады. Бұл тәсіл оқытушыларға дәрісті еркін әрі жеңіл түсіндіруге мүмкіндік береді.  Сүйтіп мұғалім баланы мүгедектігіне байланысты бөлуден аулақ болады.

Сирияда зағип балаларға арналған балабақша ашылды

Тақауда Сирияның Шам шаһарында алғаш рет тағдырдың қатал сынына ұшыраған осал топтағы балаларға арналған балабақша ашылды. Орталықта, сондай-ақ есту, сөйлеу қабілетінен айырылған және аутист балғындарға да қызмет көрсетіледі. Ал оқытушылар Монтессори әдісімен балғындарды мектепалды даярлықтан өткізіп, жазу-сызуды үйретеді. Көру қабілеті бұзылғандар үшін арнайы Брайль қарпі негізінде дәріс жүргізіледі. Орталықтың құрылуына жергілікті зағип жандарға күтім жасау қауымдастығы мұрындық болыпты.

Мохсен Мукла, зағиптарға күтім жасау қауымдастығының мүшесі:
- Біздің балабақшада әр түрлі мүгедектігі бар балалармен жұмыс жасайтын оңалту орталығы ашылған. Бұл Таяу Шығыстағы осы бағытта қызмет көрсететін алғашқы мекеме. Мұнда балалар өзін қоғам мен отбасының тең мүшесі ретінде сезінуі үшін түрлі дәрістер өткізіліп, психологиялық дамыту сабақтары ұсынылады. Орталық ақысыз. Балаларды балабақшаға таситын арнайы автобус та қарастырылған.

Иракта аутист балаларға арналған тегін оңалту орталығы ашылды

Ал Иракта аутизмнен зардап шегіп отырған балаларға арналған ақысыз оңалту орталығы ашылды. Бұл әлеуметтік бастаманы қос бірдей баласы осы дертке шалдыққан ирактық келіншек қолға алған. Қазір ол жүздеген ерекше баланың ой-өрісін дамытып, көкжиегін кеңейтуге көмектесіп жүр. Өзі секілді тағдырлас ата-аналардың өмірдің қатал сынына мойымай, керісінше алға жылжуына атсалысады. Айта кетейін, Иракта аутизммен тіркелген 20 мыңнан астам бала бар.

Шайма Гассан, оңалту орталығының директоры:
- Иракта аутист балаларға арналған тегін орталық атымен жоқ. Тек Бағдад қаласында бір ақылы орын бар. Көп ата-ананың менің басымнан өткен жағдайды қайталағанын қаламадым. Өйткені білім беру ұйымдарында ешқандай нәтиже болмады. Ал жеке оқу орталықтарында баға тым қымбат. Әр балаға шамамен 300 доллар қажет. Бұған көбінің жағдайы келе бермейді.

Әр ерекше бала – қоғамның маңызды мүшесі. Тағдыр маңдайдан сипамаса да, қоғам оларды қолдауға міндетті. Ал инклюзивті білім беру ісінде ілгері кеткен елдердің тәжірибесі өзге дамушы мемлекеттерге үлгі болса игі.