Трамптың жеңіске жетуі биткоиннің қымбаттауына жол ашты

Қазір жаһан назары криптовалюта нарығына ауды. Биткоин бағасы қарыштап өсіп келеді. Бұл АҚШ-тағы президент сайлауынан кейін басталды. Дональд Трамптың жеңіске жетуі биткоиннің қымбаттауына жол ашты. Құрама Штаттардағы билік тізгінін екінші мәрте қолға алған Трамп сайлау алдында криптобизнесті қолдауға, америкалық майнинг компанияларды дамытуға күш салатынын мәлімдеген еді. Қазір бір биткоиннің құны 90 мың долларға жуықтап тұр. 

Әуелде көптеген ел, қаржы саласындағы сарапшылар, криптовалютаны алаяқтықпен, оңай ақшамен байланыстырды. Ал қазір, керісінше,  криптовалютаны ресми төлем құралы ретінде заңдастыруға көшкен елдер бар. Соның бірі – Сальводар. Орталық Америкада орналасқан 6,5 млн халқы бар шағын мемлекет 2021 жылы биткоинді өздерінің ұлттық валютасы АҚШ долларымен қатар ресми төлем құралы ретінде бекіткен әлемдегі тұңғыш ел болды. Содан бері осы криптовалютаға салынған инвестициялар мемлекеттің ұзақмерзімді стратегиясына айналды. Қазір мемлекет қазынасында биткоин құны жарты миллиард доллардан асты. Биткоин бағасының көтерілуіне президент Найиб Букеле өзінің әлеуметтік желісінде: «Айтқаным айдай келді», – деп жариялаған болатын.

Сет Сутел, Associated Press сарапшысы:

- Дональд Трамптың президенттік сайлаудағы жеңісі қаржы нарығына қатты әсер етті. Акциялар күрт қымбаттады. Криптовалюталар құны да өсті.  Биткоин бағасы бұрын-сонды болмаған тарихи көрсеткішке жетті. Облигациялардың кірісі жоғарылады. Бұған қарап, көптеген инвестор экономиканың алдағы төрт жылда өсуін болжап отыр.

АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Германия криптовалютаны ресми түрде сатып алған емес. Алайда қылмыскерлерден тәркілеудің арқасында ірі елдердің үкіметтері миллиардтаған долларлық криптоактивтерді жинай алды. Bitcointreasuries мәліметі бойынша АҚШ – әлемдегі ең ірі биткоин иесі. Arkham аналитикалық платформасының мәліметтері бойынша ел билігінің бақылауындағы шоттарда 213,2 мың BTC бар. Одан кейін тізімдегі алғашқы төрттікте Қытай, Ұлыбритания, Германия тұр.

Сюзанна Стритер, Hargreaves Lansdowne компаниясының қаржы бөлімі басшысы:

- Олар ұсынған саясат биткоин мен криптовалюталардың стратегиялық резервін құруды қамтиды. Өйткені активтер қылмыскерлерден тәркіленіп, кейін сатылған. Бірақ олардың мақсаты бұл активтерді сақтау ғана емес, сонымен қатар оларды келесі бірнеше жыл ішінде көбейту болып отыр.  

Қазір биткоин құны күн сайын өсіп жатыр. Қазір ол жасанды ақша болғанына қарамастан онымен тауар сатып алуға немесе қызмет ақысын төлеуге болады. Тіпті арнайы айырбас орындары арқылы кәдімгі ақшаға да айырбастауға болады. Қазір айналымда миллиондаған биткоин бар.

Авторы: Фариза Жанғанаева.