Мысырда балаларға арналған қоғамдық кітапхана жұмыс істейді

Мысырдың Шаркия провинциясында балаларға арналған қоғамдық кітапхана жұмыс істейді.

Мұнда келген жас оқырман білім нәрімен сусындап, таңғажайып әлемге енеді. Тегін кітапханада балалар білімін толықтырып, шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Мысырдың Шаркия провинциясындағы қоғамдық кітапхананы жергілікті балалар жазушысы Рим Нафи мен оның ағасы Хамди Нафи бірлесіп құрған. Былтыр ашылған кітапхана оқырмандарды ғылым мен технологияның соңғы жаңалықтарымен таныстырады. Жоба авторлары интернет заманына қарамастан, кітаптың білімнің қайнар көзі болып қалатынын атап өтті.

Хамди Нафи, қоғамдық кітапхананың тең құрылтайшысы:

«Біз кітап пен оқырман арасында айтарлықтай алшақтықтың бар екенін байқадық. Қазіргі таңда көпшілік интернет пен әлеуметтік желілерге тәуелді. Өкінішке орай, мұндай платформаларда жалған ақпараттар да жиі кездеседі. Нәтижесінде, сан түрлі өсектер мен шындыққа жанаспайтын мәліметтермен бетпе-бет келуге мәжбүр боламыз. Ал кітапқа келсек, оның авторы мен баспасы белгілі болғандықтан, ол сенімді білім көзі».

Кітапхана аптаның алты күнінде оқырмандарға есігін ашып, білімге деген құштарлығын оятады. Онда жергілікті тұрғындармен қатар, Каирдан келген білікті мамандар да қызмет етеді. Әл-Саф қайырымдылық қорының құрамында жұмыс істейтін бұл кітапхана, жергілікті халық үшін мәдениеттің маңызды ошағына айналған. Тең құрылтайшы әрі балалар әдебиетінің авторы Рим Нафи кітаптардың тек балаларға ғана емес, әртүрлі жас санаттарына арналғанын айтады.

Рим Нафи, балалар әдебиетінің авторы:

«Кітапханамызда тек балаларды ғана емес, жастарды, әйелдер мен ер азаматтарды да қуана қарсы аламыз. Сондай-ақ ауыл-аймақ тұрғындарын оқытуға дайын еріктілерді де қабылдаймыз. Қаладан алыстағы жерлерде білім алу қиындықтарын ескере отырып, қашықтан оқудың жаңа мүмкіндіктерін қарастырудамыз».

Жоба жетекшілерінің жоспары бойынша, елдің мыңдаған аймақтарында осындай орталықтар ашу көзделуде. Алғашқы қосымша кітапхана жақын арада Әл-Мансура қаласында бой көтереді. Мұнда әр адам өзіне қажетті білім алып, жаңа тақырыптармен танысу мүмкіндігіне ие болады, дейді авторлар. 

Динара Орынтай