Қытай «қасқыр-роботты» іске қосты

2029 жылға қарай жасанды интелектінің ақылы адамнан аспаса, кем түспеуі мүмкін. Ғалымдар осылай деп отыр. Осыған дейін бұл жүйе адамның орнын алмастыра алмайды деген пікірлер айтылатын. Дегенмен ғалымдардың болжамы цифрлы ғалам адамзат тұрмысына дендеп еніп келе жатқанын көрсетеді. 

Қытай «қасқыр-роботты» іске қосты

Қытай қасқыр-робот жасап шығарды. Бұл ең жыртқыш аң екені белгілі. Жеті қараңғы түнде анық көреді. Саққұлақ. Одан қалды 200 миллион иісті ажырата алады. Қытайлар қасқырдың осы қабілеттерін есепке алған болуы керек. Жай робот емес, жауынгер роботтар жасап шықты. Егер сынақтан сәтті өтсе, қорғаныс саласында қолданады. Төрт аяқты құлтемір, арнайы барлау құралдарымен жабдықталған. Суық қарумен қаруланған. Болашақта бұл роботтар тек әскери мақсатта емес, өрт сөндіру, өнеркәсіп және химиялық кәсіпорындарды тексеру, жалпы адам үшін ең қауіпті салаларда пайдаланылмақ.  

Лю Чжэ, China South Industries Group Corporation өкілі:

- Бұл болат жауынгерлер өзара әрекеттесудің күшті мүмкіндіктеріне ие және әртүрлі жағдайларда, соның ішінде қала көшелерінде, зауыттарда және шахталарда күрделі миссияларды орындай алады. Орталық басқару құралымен бірге бүкіл отряд екі шақырымға дейін жетеді, ал батареяның қызмет ету мерзімі – үш сағат.

Қазірде Қытай ұшатын автомобиль шығаратын зияткерлік база құрып жатыр. Ол жоспарға сәйкес 2025 жылдың екінші жартысында аяқталады. Ал оларды жаппай өндіру және тұтынушыларға жеткізу 2026 жылы басталады. 

 

AGI келе жатыр

Илон Маск 2025 жылы, ал жасанды интеллект саласындағы кей сарапшылар 2029 жылға қарай ақылы адамнан кем түспейтін жасанды сана агенті пайда болады деп болжайды. Яғни AI-дан AGI-ға қадам басу. Бұл екеуінің айырмашылығы неде? Айталық: Қазіргі ЖИ (AI) модельдері бір салада ғана жұмыс істейді. ChatGPT мәтіндік үлгілер жасайды, Dall-E немесе Midjourney ғажап бейнелер, суреттер жасауға арналған, Wix сияқты компаниялар ЖИ-ді веб-дизайн үшін пайдаланады. Ал жалпы мақсаттағы жасанды интеллект (AGI) – бұл адам сияқты бәрін жасай алатын гипотетикалық бағдарлама. Ол жаңа дағдылар мен жағдайларға бейімделіп, адамның қатысуынсыз өз бетінше үйрене алады және адам санасын түсіне алады.

«Қазірде көптеген жасанды интеллект (AI) белгілі бір тапсырма үшін жасалған. Ал жалпы жасанды интеллект (AGI) – когнитивті тапсырмалардың кең ауқымын адам сияқты орындай алатын немесе адамнан да асып түсетін жүйе. Жасанды интеллект саласында нанотехнология адам миын компьютерлермен байланыстыру, олардың арасында үздіксіз интерфейс құру мәселесі маңызды рөл атқарады», – Рэймонд Курцвейл, америкалық өнертапқыш, жасанды интеллект саласындағы ғалым.

 

Statista: әлемдік AI нарығы қарқынды дамып келеді

Германияның Statista аналитикалық компаниясының болжамына сәйкес жасанды интеллектіге негізделген бағдарламалар мен жобалардың әлемдік нарығы жыл сайын 28%-ке өсіп отыр. Ал ғасыр ортасына қарай бұл көрсеткіш 57%-ке жетуі мүмкін. AI технологияларын дамыту бойынша әлемдік көшбасшы – АҚШ. Жасанды интеллекті дамытуға салынған инвестициялардың ең көп көлемі осы елге тиесілі. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бұл сома 328 миллиард доллардан асты. АҚШ мұндай жетістікке ірі компаниялардың, Google, Facebook, Amazon және Microsoft-тың арқасында қол жеткізді. Іздеу жүйелері, ұсыныс алгоритмдерінен бастап автономды көлік құралдары мен медициналық технологияларға дейінгі көптеген өнімдер қолданысқа енді. 

 

Жапония ЖИ енгізуге $225 млрд жұмсайды

Жапония да жасанды интеллект технологиясын белсенді түрде енгізіп келеді. Ел билігі «қоғам 5.0» әлеуметтік-экономикалық және мәдени тұжырымдамасын ұстанады. Ол өмірдің барлық салаларында цифрлық технологияларды қолдануға негізделген. Мұнда АИ технологияларын дамыту саласындағы ғылыми зерттеулер мен инновацияларға салынған инвестиция көлемі 8 миллиард долларға тең. Келесі бес жыл ішінде Жапония түрлі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық бағдарламаларға 225 миллиард доллар жұмсауды жоспарлап отыр.