Табиғи апаттардан 10 жылда әлемдік экономикаға $2 трлн шығын келді

Экстремалды күн райы құбылыстары климаттың өзгеруімен байланысты. Табиғи апаттардан кейінгі 10 жылда әлемдік экономикаға 2 триллион доллардан астам шығын келген. Халықаралық сауда палатасының ғалымдары 2013 жылдан бері 6 құрлықтағы табиғи апаттарды зерттей келе осындай қорытынды шығарып отыр.

Кейінгі 10 жылда экстремалды ауа райы әлемде 1,5 миллиардтан астам адамның өміріне әсер етті. Ал шығын орасан зор. 2 триллион доллардан асады. Халықаралық сауда палатасының мәліметінше, табиғи апаттардың шамамен 4 мыңдайы толассыз жауын-шашын, дауыл және тропикалық циклондарға ұласып, дүниежүзі елдерінде көптеген үйлер мен кәсіпорындарды қиратқан.

Джон Дентон, халықаралық сауда палатасының бас хатшысы:

- Климаттың өзгеруі – әлемдегі ең өзекті мәселенің бірі. Оны соңғы 10 жылдың деректері айқын көрсетіп отыр. Экстремальды ауа райынан әр елдің экономикасына көп шығын келіп жатыр. Сол себепті жаһан елдері климаттың өзгеруімен күресу үшін шұғыл шаралар қабылдауы қажет. 

Соңғы екі жылда экстремалды ауа райы құбылыстарынан жаһан елдеріне келген залал 450 миллиард доллардан асты. Бұл алдыңғы 8 жылмен салыстырғанда 19%-ке жоғары. Климат жөніндегі маман Клэр Барнс: «Онымен тиімді күресу жолының бірі – баламалы энергия көздерін дамыту», – дейді.

Клэр Барнс, World Weather Attribution ұйымының ғылыми сарапшысы:

- Жер бетіндегі бүкіл апаттар қазба отындарын жағудан туындап отыр. Бізде бұл процесті тоқтату үшін барлық қажетті технологиялар бар. Оларды тезірек енгізуіміз керек. Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздерін дамыту және атмосфераға зиянды заттар шығарудан бас тарту керек. Біз атмосфераға зиянды заттар шығаруды тоқтатуға міндеттіміз. Әлемнің жылынуымен бірге экстремалды ауа райы құбылыстары жиілеуде, әрі олардың күш алуына себеп болады.

Зерттеуге қарағанда кейінгі 10 жылда табиғи апаттардан ең көп зардап шеккен АҚШ, Қытай және Үндістан. Мысалы, өткен айда АҚШ-та «Хелен» мен «Милтон» дауылыдарынан келген шығын 50 миллиард долларға жетті. Мамандардың айтуынша, бұл «Катрина», «Сэнди» және «Харви» дауылдарының тигізген залалымен бірдей.  

Авторы: Динара Орынтай.