Мектепте ұялы телефон қолдануға шектеу енгізген елдер қатары артып келеді
Өйткені осы құрылғының кесірінен балалардың оқуға деген ынтасы төмендеп кеткен, деп хабарлайды 24kz
Мамандар гаджеттердің оқушылардың денсаулығы, психикалық жағдайы мен ұйқысына да кері әсері барын айтады.
Францияда мектеп аумағында гаджеттер қолдануға болмайды
Францияда 2018 жылдан бері мектеп аумағында гаджеттерді қолдануға болмайды. Енді биылғы жаңа оқу жылынан бастап оларды ұстауға да рұқсат жоқ. Оқушылар телефон, «ақылды» сағат пен планшеттерді білім беру мекемесіне кіргенде бірден шкафқа салып кету керек. Бұл – пилоттық жоба. Әзірге 200 мектепте енгізілген. Жоба тиімділігін көрсетсе, келер жылдың басынан барлығы да тиісті талапқа бағынатын болады.
Грекияда оқушылар телефонын сөмкесінен шығармау керек
Ал Грекияда биылғы оқу жылынан бастап балалар телефондарын сөмкесінен шығармау керек. Ережеге бағынбағандар бір күнге сабақтан шеттетіледі. Бұл жергілікті білім беру министрлігінің кибербуллингпен күрес саясатының бір бөлігі. Биыл көктемде мұнда сыныптастарын суретке не видеоға түсіріп, оны мазақ етіп интернетке салғаны үшін оқушыны мектептен шығару туралы ереже күшіне енген.
АҚШ-тың 14 штатында мектепте телефон қолдануға болмайды
АҚШ-тың 14 штатында мектепте телефон қолдануға қатысты шектеу бар. Жақында Калифорния губернаторы да мектептерде смартфондарды қолдануға тыйым салатын заңға қол қойды. Оған 6 млн оқушы бағынады. Калифорниядан бөлек, АҚШ-тың тағы 13 штатында гаджеттерді қолдану бойынша шектеулер бар. Билік: «Дегенмен, бұл оқу процесінде балалар мүлде цифрлық құрылғыларды қолданбайды деген сөз емес», - дейді. Шектеу тек телефондарға қатысты.
Авторы: Жулдыз Атагельдиева